Түркияда зілзала кезінде 4 қазақстандық жоғалып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда зілзала кезінде 4 қазақстандық жоғалып кетті

08.02.2023

Бауырлас елдегі апатта қанша отандасымыздың жоғалғаны белгілі болды. Бұл туралы Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Уфук Екиджи айтты. Арнайы брифингте ол БАҚ өкілдеріне қазіргі ахуалды баяндады. 

Азамат Бейбітұлы, тілші:
Түркиядағы жер сілкінісі басталғаннан бері 60 сағаттан аса уақыт өтті. Осы уақыт аралығында 15 млнға жуық халқы бар 10-нан аса қала қираған. Өкінішке қарай, соңғы мәліметтер бойынша 7 108 адам қайтқан және 41 мыңға жуық тұрғын жарақаттанған. Зілзалаға байланысты Түркияда төртінші деңгейдегі дабыл қағылған. Яғни,  халықаралық деңгейде көмек сұралған. 76 мемлекет көмек беруге әзір екендерін білдірсе, қазірдің өзінде соның 36 елінен 4 мыңға жуық құтқарушы Түркияға жұмылдырылыпты. Оның ішінде қазақстандықтар да бар.
Уфук Екиджидің айтуынша, Түркияның Қазақстандағы елшілігі арнайы есепшот ашқан, оны әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жариялаған. Қазірдің өзінде 900 мың долларға жуық қаржы жиналыпты. Сондай-ақ елшінің сөзінше, Түркиядағы зілзаладан кейін 4 қазақстандық азамат жоғалып кетті деген ақпар тарады. Бірақ бұл әлі де зерттелу үстінде.   

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу