Қарағанды облысы Кертінді ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысы Кертінді ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды

06.02.2023

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Кертінді ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Әлеуметтік нысанның құрылысына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 160 миллион теңге қаржы бөлінген. Енді жыл соңына дейін 42 елдімекенде дәл осындай емдеу мекемелері салынады. 

Кертінді ауылы бір кездері аудан орталығы болған. Бір ғасырға жуық тарихы бар елді-мекенде қазір мыңға тарта адам тұрады. Олар басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына баратын. Себебі ауылдағы амбулатория апатты жағдайда болды. Ал енді алысқа сабылмайды, дәрігерлік көмек ауыл ішінде көрсетіледі.

Қуаныш Халықов, Кертінді ауылының тұрғыны:

Анализ бергенде де, укол алғанда да біз мынау 30 шақырымдағы ауданға жүгіретінбіз. Мынау Захаровкаға жүгіретінбіз. Бұрын сонда қа болды. Мынаның ішінде мінеки бәрі бар. Сәулетті, освещениесі, туалеті, суы да келіп тұр. Жаңа ғимаратта 12 бөлме бар. Барлығы алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті құралмен жабдықталған. Зертхана да жұмыс істеп тұр.

Гүлжан Орынғожина, ауылдық амбулаторияның медбикесі:

Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда үлкендерді қабылдайтын учаскелік медбике бар, одан кейін мен балалар медбикесі. Акушерка бар, лаборант бар. Екі адамдық ем-шара қолданатын кабинет бар. Сол жерде екі адам жатып толығымен кезек-кезек ем қабылдай алады.

Алдағы екі жылда Қарағанды облысындағы 92 ауылда дәл осындай емдеу нысаны салынады. Оның 42-сі биыл ел игілігіне берілмек. Бұл мақсатқа қазынадан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

Алма Қанафина, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті:

Оның ішінде 13 дәрігерлік амбулатория, 24 фельдшерлік акушерлік пункт, сосын 55 медициналық пункт салынады. Тек қана жаңа ғимараттар салынады. Барлығы бекітілген. Барлық жердің әкімдігі жер бөлу мәселесін, оны қабылдап алу жұмыстарына толығымен кіріскен.

Ғимаратты салған соң елге ем-дом жүргізетін кәсіби маман керек. Қазір бұл мәселе де қатар шешіліп жатыр. Жас дәрігерлерді баспанамен қамту, көтерме қаражат беру, балаларын мектеп пен бала-бақшаларға орналастыру жұмысы да жіті назарға алынған.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу