Президент Жамбыл облысындағы ахуалмен танысты: Өңірде қандай өзекті мәселелер бар
«Экономикалық тәуелсіздік» деген түсінік бар. Яғни, халыққа қажет басты тауарларды сырттан тасымай, елде өндіру. Ал экономиканың негізгі драйвері –агроөнеркәсіп, бұл саланы дамытудың қаншалықты маңызды екенін айтудың өзі артық. Өзін-өзі «асырап» отырған өңірлер өте аз. Басым бөлігі республикалық бюджеттің дотациясына күн көреді. Солардың бірі – Жамбыл облысы. Президент апта соңында осы аймаққа барып, өндірістік, әлеуметтік нысандардың жағдайын көрді.
Жамбыл – бюджетінің бір бөлігін республикалық қазынадан толтырып отырған дотациялы өңір. Сондықтан аймақ табысын арттырып, жұртты жұмыспен қамту үшін Әулиеата жерінде «Ауыл аманаты» жобасы бірінші болып іске аса бастады. Пилотты бағдарлама аясында ауылдықтарға өз ісін бастауға 2,5 пайызбен несие беріледі. Президент барған кооператив шаруалары жоба іске асқан бірнеше жылда ауыл азаматтарының табысы екі еседей көбейіп, жұмыссыздар саны 40 процентке азайғанын айтады. Енді бағдарлама ел бойынша 52 миллиард теңге бөлінбек.
Арзан несиенің шапағатын көргендердің бірі – Рахменбердиевтер отбасы. Үш жыл бұрын 3,5 миллион теңгеге 6 сиыр, 3 жылқы, 10 қой алған. Қазір тұяқ саны мен табысы артты. Ісі алға басқан шаруалардың үйіне Президент арнайы келіп, жемтартқыш сыйлады.
Жұртқа жұмыс қана емес, сапалы медицина керек. 125 мың тұрғыны бар Байзақ ауданында бұрын жөні түзу аурухана жоқ еді. Басы ауырып, балтыры сыздығандар облыс орталығына немесе Алматыға ағылатын. Енді 4,5 млрд теңгеге заманауи емхана бой көтеріп, халық игілігіне беріліп отыр. Су жаңа мекемені Президент аралап көрді, мүмкіншілігін жоғары бағалады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Америкадан жеткізілген мына компьютерлік томография аппараты ТМД елдерінде тек бізде ғана бар. Әрі ол Астана, Алматы сияқты ірі қалаларда емес, осы Байзақтағы аурухана тұр. Соңғы үлгідегі моделдің зиянды сәулелері өте аз, онкологиялық аурулардың кез-келген түрін анықтайды, дейді мамандар.
Бірақ облысқа ауруларды анықтап, жұртты емдейтін 100-ге жуық дәрігер жетіспейді. Аурухана да тапшы. Сондықтан таяуда тағы 12 емхана салынбақ. Оған дейін шалғайда жатқан 400 ауылға мынадай диагностикалық кешені бар автобустар қатынай тұрады.
Жанар Доспанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Біздің ауылды елдімекендердегі скринингтік тексерулер созылмалы аурулар мен өлім-жітім, түрлі ауруларды ерте анықтауға, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға өте үлкен үлесін тигізді. Соған сәйкес біздің облысымызда, әсіресе ауылдық жерлерде өлім-жітім көрсеткіші азайып отыр.
Үш ауысымды апатты мектептер жауыр болған мәселе. Қазір ел бойынша 840 мың оқушыға орын қажет. Сол үшін ұл-қыздар үш ауысыммен оқиды әрі бір сыныпта бала саны тым көп. Бұл білім сапасына кері әсер ететіні анық. Сондықтан облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ұялары бой көтеріп жатыр. Соның бірі Қостөбе ауылында. Жаңа мектеп пайдалануға берілгелі оқушылар мәз.
Рахат Жанысбай оқушы:
Кабинетіміз мүлдем суық болды. Сосын көптеген керек жарақтар жоқ болды. Кітаптың жетіспеуі және басқа нәрселер. Ал жаңа мектепте кабинеттер кең. Оқушылар сыйып жатыр.
Жаңа мектепте білім алуға қажеттінің бәрі бар. Оқушылар шахмат та ойнайды, домбыра да шертеді. 2025 жылға дейін өңірде осындай тағы 12 мектеп салынбақ.
Білім саласындағы тағы бір проблема жатақхана тапшылығы. Қазір елде 87 мың студент білімнен бұрын тұратын жер іздеуге мәжбүр. Әулиеата өңірінде бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Президент барған Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновация институтының жатақханасы бұрын қонақ үй еді. Қазір студенттер үйі. Қасым-Жомарт Тоқаев қыз-жігіттердің бөлмелерін аралап көріп, студент шағын есіне алды.
Былтыр студенттердің стипендиясы 20, магистранттар мен докторанттардыкі 15 процентке көтерілген еді. Жастарға қолдау арта береді деген президент білім алудың маңызын Абай философиясымен түсіндіріп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Білім деген өте маңызды. Абайша айтқанда толық адам деген не? Бұл ең алдымен білімді адам. Ойы ұшқыр, сергек адам. Білімге деген ұмтылысын білдіретін адам. Білімге келгенде қанағат қылмау керек. Күн сайын білім алу керек. Әр жерде, әр салада. Сондықтан бәріңізге сәттілік тілеймін.
Университетке былтыр шындықтың шырақшысы атанған жазушы Шерхан Мұртазаның есімі беріліп, ескерткіші бой көтерген. Президент соған гүл шоғын қойып, тағзым етті. Зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Алдағы сайлаудың маңыздылығына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең басты мәселе – әділ, ашық болу керек. Осындай лайықты адамдар біздің Парламентке келсе, еліміздің дамуына үлес қосады деп үміттенемін. Дүниежүзінде болып жатқан жағдайды өздеріңіз жақсы білесіздер. Ішкі саясат та, сыртқы саясат та сындарлы, салмақты болуы керек. Ең басты міндетіміз – мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Сын-қатерлер аз емес. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық, бір ұлт болып ұйысып, ел үшін қызмет етейік.
Жақында Тараз қолөнершілерінің әлемдік конкурста бақтары жанды. Енді көне шаһар қолөнершілер қаласы деген әлемдік тізімге 56-шы болып кіріп отыр. Бұған мына сертификат дәлел. Президент сол байқаудағы бұйымдарды аралап көріп, жеті өрімді қамшы, қыш құмыра мен түс киіз секілді заттарды сатып алды. Негізі сыйға тартылған еді, бірақ Президент шеберлердің көзмайын тауысып жасаған дүниесін тегін емес, бағалап алғанды жөн көрді.
Досжан Маратұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
