Солтүстік Қазақстандағы Покровка ауылының тұрғындары тұзды су ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстандағы Покровка ауылының тұрғындары тұзды су ішіп отыр

04.02.2023

Солтүстік Қазақстанда Мамлют ауданы Покровка ауылының тұрғындары тұзды су ішіп отыр. Бір ай бұрын істен шыққан сүгзі әлі күнге ауыстырылмаған. Былтыр ауылға орталықтандырылған су құбырын тарту үшін 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда мердігер шұңқыр қазып, ашық-шашық тастап кеткен.

Ауылдағы су торабы 2007 жылы салынған. 33 метр тереңдікте ұңғыма қазылған. Су құрамында тұз мөлшері көп. Сондықтан 6 сүзгіден өтеді. Оның ауыстырылғанына 5 жылға таяған. Су сапасының төмендеуінің басты себебі де осы.

Мақпал Тоқтанаева, ауыл тұрғыны:

Кеше түнде ғана тісім ауырып, немисил обезбаливающий порошокты араластырғаным кезінде, мына су ірітіп жіберді. Ішу мүмкін емес. Оның дәмі тәтті. Судың дәмі тұзды болатын.

Тіршілік нәрі кестемен, аптасына 5 күн беріледі. Тілеген Басыбаев күніне бірнеше бөшке су тасиды. 40 литрі 40 теңге. Асқа да, күнделікті шаруаға да осы суды пайдаланады. Зейнеткер әр үйге құбыр тартылар күнді асыға күтіп жүр.

Тілеген Басыбаев, зейнеткер:

Мыналар бөгет болып тұр. Халықтың жүруіне де қиын. Қорқынышты, балалар түсіп кете ме деп қорқамыз. Үйдің жанында дәл осындай жамбыны қоршап, бетін жауып қойған болатынмын, үмітіміз әрине, осыны дұрыстап беріп, ауылымызға су келсе. Тұрған жеріміз жақсы.

Тұрғындардың қорқынышын тудырып отырған шұңқырлар осы. Былтыр күзде қазылған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, мердігер компания жер жібігесін жұмысқа қайта кіріспек.

Марат Қарабалаев, ауылдық округ әкімі:

Су тартылып жатыр бізге. Тамыз айында бітіреміз деп жоспарлап отыр. Жергілікті суасты көзі бар ғой, фильтрі жұмыс істеп тұр, бірақ судың дәмі, сапасы кішкене өзгерген. Екі-үш күннің ішінде жаңағы мембраны ауыстыру бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Ауылда ауыз су мәселесін шешу үшін былтыр бюджеттен 400 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлығы 20 шақырым құбыр тартылмақ. Жалпы, солтүстік халқының 26 пайызы тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр. 226 елдімекенде сапалы ауыз су жоқ.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу