Атырау мұнай өңдеу зауытында жедел штаб құрылып, іске кірісті. Оған кәсіпорындағы жанар-жағармай шығаратын каталитикалық крекинг қондырғысының істен шығуы себеп болды. Енді жұмысшы топ осы проблеманы жоюға күш салады. Бүгін өндірістік мекемеге «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Каталитикалық крекинг қондырғысы регенераторлардағы температураның көтерілуінен тоқтап қалды. Зауыттағы жанар-жағармай өндірісіне тікелей жауап беретін маңызды кешеннің жұмысы адами фактордың кесірінен алға баспай тұр.
Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:
Оның басты себептері адами фактор мен персоналдың қателіктері болып отыр. Мұның барлығы жөндеу жұмысы және іске қосу операцияларын ұйымдастыру кезінде қажетті дайындықтың жоқтығын, менеджменттің өндірістік мәселелерде біліксіздігін көрсетіп отыр.
Мағзұм Мырзағалиев қызметте шабандық танытқан Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директорын сынға алып, қатаң сөгіс жариялады. Әрі оның бірінші орынбасарын жұмыстан босатты. Жаңадан құрылған штаб жетекшісіне оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүргізуді және оның қорытындысы бойынша қосымша кадрлық шешімдер қабылдауды тапсырды.
Арман Қайырденов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары, жедел штабтың жетекшісі:
Мен Атырауда зауыттағы жағдай реттелгенше боламын. Құрылған штабты өзім басқарамын. Бірінші кезекте генераторлық блоктағы реакторды ашып бастан-аяқ зерделеу жүргізіледі. Ондағы ақауларды толық қалпына келтіреміз.
Зауыт штатты режимде жұмыс істейді. «ҚазМұнайгаз» басшысы еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары өнім өндірудің жоғары режиміне көшетін айтты. Бұл - сұйық отын тапшылығын болдырмайды.
Жандос Темірғали