Қазақстандық ғалымдар су тасқыны болатынын алдын ала болжаудың жолын тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық ғалымдар су тасқыны болатынын алдын ала болжаудың жолын тапты

03.02.2023

Қазақстандық ғалымдар су тасқыны болатынын алдын ала болжаудың жолын тапқан. Биыл тың технологияны бірнеше нүктеде сынап көрмек. Тәжірибе оң нәтиже көрсетсе жаппай қолданысқа енуі мүмкін. Ол қандай технологиялар? 

Серік Селеубайұлы, тілші:

Қай жерде қызыл су жүретінін алдын ала білуге болады десем сенесіз бе? Біздің ғалымдар мұндай болжам жасауға қазірдің өзінде қауқарлы. Ол үшін бақыланатын өзен-көлдердің тізімін реттеу керек. Сонда су айдындары толық ауыздықталады.

Оңтүстік өңірлердегі су тасқынына байланысты құрылған жедел штабтың дерегінше қазір барлық су қоймалары штаттық режимде істеп тұр. Кесте бектілген. Ал жасанды бөгеттердегі жағдайды білдіретін соңғы ақпарат туралы күн сайын есеп беріледі. Бірақ бұл себеппен емес, салдарымен күресу. Сондықтан жауапты тұлғалар апаттың алдын алу жайын ойластырып жатыр.

Сауле Шалмағамбетова, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті басқарма басшысы:

Қазір бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Қазақстан ғарыш сапарымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Биыл бірнеше жобаны қолға алу жоспарланған. Нысандар таңдалды. Оның ішінде Сырдария өзенінің бассейні де бар.

Қазір мамандар ғарыштан түсірілген суреттерге қарап төтенше жағдайдың қалай болғанын немесе қар суының қалай қарай жайылып бара жатқанын анықтап жүр. Оның өзінде түсірілім кезінде қашықтан зондтау аппаратының қай нүктеде болғаны маңызды.

Асыл Бақашева, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК департаментінің басқарма басшысы:

Жер серігі дәл сол күні сел жүріп жатқан жердің үстінен ұшып өтпеуі мүмкін. Кейде оқыс оқиға кезінде сәтті түсірілім жасалса, кейде бағыты қиыстау болады. Өйткені, бізде екі жер серігі ғана бар. Осының бәрі түсірілімді жоспарлаған кезде ескерілуі керек.

Екі жылдан бері ықтимал су тасқындарын модельдеу, яғни табиғи апаттың қашан, қай жерде болатынын алдын ала болжау жолдары зерттеліп жатыр. Мамандардың айтуынша ол үшін мұрағат ақтарып, тарихи деректерді қопару керек. Жұмысқа климаттық өзгерістерден бастап, соңғы жылдардағы жауын-шашын көлемінің динамикасы, тектоникалық қозғалыстар мен өзен арналарының ауысуы туралы ақпараттар керек.

Өскен Тойшыбеков, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК кеңістіктік деректер департаментінің директоры:

Су тасқыны болуы мүмкін дегенді анықтау үшін сол бөгетке бірінші барлық деректі жинау керек. Содан кейін ғана болжау немесе модельдеу жасалуы мүмкін. Бізде ол дайын объектілер саны көп емес. Бірақ бірте-бірте соларды Қазақстан бойынша жаңа объектілерді ғарыштан түсіріп, барлық деректерін енгізіп, дайын болғаннан кейін ғана модельдеу жүргізілуі мүмкін.

Биыл Есіл өзенінің бассейнінде осындай жұмыс жүрмек. Ол үшін жыл бойғы деректер зерделеніп, арнайы база құрылған. Ғалымдардың болжамы дәл келсе, тың тәжірибе басқа аймақтарда да енгізілмек.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу