Арыста тасқын судың қаупі сейілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыста тасқын судың қаупі сейілді

03.02.2023

Дер кезінде атқарылған қауіпсіздік жұмыстарының арқасында Арыс қаласында тасқын судың қаупі сейілді. Қабылсай арнасында қазір су дейгейі кешегіден 1,5 метрге төмендеген. Десе де, апаттың алдын алу шаралары бүгін де жалғасуда.

Ғани Қаламханов, тілші:

Тасқынның қатты болғаны соншалық арнасына сыймаған су ернеуден асып, іргеде тұрған тұрғын үйлердің ауласын белуарға дейін басып қалған. Мұны судың орнында қалған мына белдеуден анық аңғаруға болады. Іргесі ылғалданған қабырғалар қазір құлаудың аз алдында тұр.

Алтыншаш Мамытова кешеден бері көз ілген жоқ. Түс кезінде басталған тасқын кешке қарай тіпті күшейе түскен. Құтқарушылардың көмегімен баспанасын құм толы қаптармен қоршап жүріп тасқыннан әрең қорғап қалды. Бірақ қора жайы түгел қираған.

Алтыншаш Мамытова, Арыс қаласының тұрғыны:

Балалар су тартып жатқан кезде құлады ғой гүр ете қалды. Барлығымыздың зәреміз қалмады. Көмір, отынымызды топырақ басып қалды су шайып. Мына жерге дейін көміріміз жүзіп келген. Жағдаймыз мынау, үйге жатпадық. Әлі де қорқыныш бар. Апат айтып келмейді ғой.

Тасқын кезінде Қабылсай су арнасының жағалауындағы бірнеше үйдің ауласы мен бір баспана суда қалды. Табиғат апатына қарсы 170-ке жуық құтқарушы жұмылдырылды. Оларға іргедегі әскери бөлімнің 200-ге тарта сарбазы көмекке келді. Су жайылу қаупі бар аймақтарға 8 мың қап құм төселді.

Қазіргі таңда жауын мен еріген қардан жиналған су Қабылсай арнасы арқылы Арыс өзініне құйылуда. Оның деңгейі кешегіге қарағанда 1,5 метрдей төмендеген. Тасқын судан зардап шеккендер мен қираған үй-жайлар жоқ. Төрт түлік те аман.

Ерғали Омарұлы, Арыс қаласы әкімінің орынбасары:

Арыс қаласында 3-4 үйдің ауласына су кірді. Бірақ үйден қауіп келмеді. Бірақ қора-жайлар бар. Қазір жұмыс тобы зерделеу жұмысын жүргізуде.

Монтайтас және Қызылкөпір елді мекеніндеріндегі су басу қаупі бар арық-атыздар мен жыраларды тазалау, бөгеттер қою жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал қираған қора-жайларды арнайы құрылған комиссия тексеріп, шығын көлемін анықтауға кірісті.

Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу