Қарғын судан ең қатты зардап шеккен Сауран ауданының тұрғындары біртіндеп үйлеріне орала бастады. Тасқынның кесірінен бір ғана Шаға ауылында ондаған үй бүлініп, 36 ұсақ мал өлді. Мамандар бүгін шығынды есептеуге кірісті. Апаттан кейін енді ғана ес жиған халықтың жағдайын әріптесім Айнұр Ақбаева баяндасын.
Айнұр Ақбаева тілші:
Қарғын су Шаға ауылының отызға тарта үйін шайып өткен. Тұрғындардың айтуынша, судың тереңдігі бір метрге дейін жеткен. Салдарынан қора-қопсылар да, үйлердің жертөлелері суға толған. Қазір бұл баспаналарға мынадай етіксіз кіріп-шығу мүмкін емес.
Тасқын су Шағадағы екі көшеге жайылып, біраз баспана бүлінген. 200-ге жуық ауыл тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Адамдар аман қалғанына қуанады. Қазір Сауран ауданындағы Бабайқорған мен Абай, Үлгілі ауылдарында ағын су тоқтады.
Акбар Юсупов, Шаға ауылының тұрғыны:
Су келгенде өзіміз бірінші болып арықтарды бекіттік қаппен. Сосын ТЖД келді, әкім келді облыстың. Түнімен жүріп, халыққа жәрдем берді.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин үйлесімді жұмыстың нәтижесінде, үлкен апаттың алдын алдық деді. Арнайы комиссия шығынды есептеуге кірісті.
Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Тасқыннан кейін төтенше жағдай жариялау немесе жарияламау жағын қарастыратын боламыз. Себебі құлаған үйлер мен қора жайларды жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіру керек. Барлық күш жеткілікті.
Соңғы дерек бойынша 19 елді мекенде жүздеген үйдің ауласына су кірген. Жағдай тұрақталды дегенмен, мамандар әлі бірнеше күн қауіптің алдын алу үшін тоқтаусыз жұмыс істемек.
Айнұр Ақбаева