Көліктегі өрт шығу каупі жиілей түсті. Тек өткен жылы ғана елімізде екі мыңнан аса көлік отқа оранды. Мамандар оның себебі әртүрлі дейді. Негізгі себеп - көлік иелері темір тұлпарларын техникалық тексерістен уақытылы өткізбейді, болмаса көлігін күтіп қараудың қарапайым ережелерін елемейді.
Бұл бірер күн бұрын Қарағандыда болған оқиға. Электрсымдарының қысқа тұйықталуынан көлік отқа оранды. Ал мына көліктен шыққан өрт қасында жұмыс істеп тұрған қар тасушының шұғыл әрекетінен оқшауланды. Алматыда да өрт қауіпсіздігі ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталды. Жүргізуші темір тұлпарының ішіне от жағатын пеш қойған. Қазір көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Былтыр ғана ел аумағында 2118 көлік өртенді. Отқа оранған темір тұлпарлардың саны бойынша Астана көш бастап тұр. Мұнда 193 жағдай тіркелген. Ақтөбе, Жамбыл және Қарағанды облыстарында да көлік өрті көп болған. Ал қаңтар айында республика бойынша автокөлікте 219 өрт тіркелді.
Еркін Отарғалымұлы, Астана қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
Біздің өңірге тән өрт қауіпсіздігі бұзушылықтардың тағы бір түрі бұл - қыста қатып қалған көлікті ашық отпен жылыту.
Мамандар көліктегі өрттің шығуы көбінесе сымдардың тұйықталуынан болатынын айтады. Мысалы, 10 жылдан аса пайдаланған көліктен өрт шығу қаупі де жоғарылайды. Ресми тексерістен өтпеген темір-тұлпар ақыры сыр бере бастайды.
Руслан Әміренов, көлік жөндеуші:
Қазір ТЖО-ға апарғысы келмейді елдер. Қымбатсынады. Бір сымды өздері жалғай салғысы келеді. Оны негізі ТЖО-ға апарып, электрикке көрсетіп жалғаса, ондай жағдайлары болмайды ғой негізінде.
Темір тұлпарына қосалқы жабдықтарды орнатуға әуестенгендер көп. Орындықты жылытатын, қозғалтқышты қашықтан іске қосу жүйелері орнатылса, мұның барлығы көліктің дұрыс жұмыс істеуіне кері әсер етеді.
Бұдан бөлек, көліктеріне өз еркімен жылдамырақ, жоғары сапалы мотор орнатып қоятындар да бар. Одан техникаға қатты зақым келеді.
Ламбриан Топузидис, тілші:
Апат айтып келмейді. Әр көлікте осындай жинақ болуы керек. Бұл жерде авариялық тоқтау белгісі, медициналық қобдиша, жейде және осындай өртсөндіргіш болуы керек. Осының көлемі 2 келі, алайда бұл кез-келген апаттың алдын алып, оны дер кезінде ауздықтауға мүмкіндік береді.
Ламбриан Топузидис