Алматыда тағы да екі автобус соқтығысты. Оқыс оқиға әл-Фараби даңғылында болған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, соңғы бір жылда алып шаһарда қоғамдық көліктердің қатысуымен 500-ге жуық жол-көлік апаты тіркелген.
Жол-көлік апатынан алты адам дене жарақатын алған. Оқиға бүгін таңертең болған. Полицияның мәліметінше, 31-бағыттағы автобус жүргізушісі ара қашықтықты сақтамай, аялдамада тұрған 116-бағыттағы автобуспен соқтығысқан. Қазір оқиғаның себеп-салдары тексеріліп жатыр. Алматы қалалалық полиция департаментінің мәліметінше, былтыр тек қоғамдық көліктердің қатысуымен 474 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 7 адам көз жұмып, 550-ден аса жолаушы түрлі жарақат алған. Естеріңізде болса, былтыр жыл соңында жұртты дүрліктірген ірі жол апаты болған. Алматының қақ ортасында Төле би – Абылайхан көшелерінің қиылысында екі қоғамдық көлік соқтығысып, бір адам оқиға орнында тілге келместен көз жұмған еді.
Жазира Оразқызы