Еуропада миллиондаған адам шеруге шықты. Британ кәсіподақтары жалақыны көбейтуді талап етсе, Париж, Марсель, Лион қалаларының көшелеріне шыққандар зейнеткерлік реформасына қарсылық білдірді. Сонымен қатар, наразылық акциялары Бельгияда да өтіп, оған қатысушылар үкіметті жұмысшы тапшылығы мәселесін шешуге, еңбек етуге жағдай жасауға шақырды.
Бүгін Ұлыбританияда ауқымды ереуіл басталды. Оған кемінде 500 мың адам қатысуы мүмкін. Шеруге мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, пойыз жүргізушілері, университет оқытушылары және тағы басқа сала мамандары шығып, үкіметтен жалақыны көтеруді талап етіп жатыр.
Мэри Бустед, Ұлттық білім беру одағының бас хатшысы:
Бүгін Англия мен Уэльсте мұғалімдер ереуілге шығып жатыр. Өйткені соңғы 12 жылда инфляциядан олардың жалақысы мейлінше төмендеп, 13 пайызға азайды. Сондықтан қазір мектептер мұғалім таба алмай отыр және бұл мамандықта қалмайтындар көбейді. Ұстаздық етсең, артық еңбектеніп, аз аласың.
Дегенмен, премьер-министр Риши Сунактың мәлімдеуінше, айлық өссе инфляция тіпті күшеюі мүмкін.
Франция астанасы Парижде пенсия реформасына қарсы шеру полициямен қақтығысқа ұласты. Демонстранттарды тарату үшін тәртіп сақшылары көзді жасаурататын газ қаруын қолданған. Елдің ішкі істер министрлігінің мәліметінше, осындай наразылық акциялары Лион, Марсель тәрізді өзге де қалалар мен ауылдарда да өтіп, оларға 1 миллион 300 мыңдай адам қатысқан. Кәсіподақтарға сенсек, манифестанттардың саны - 3 миллионға жуық.
Президент Эмманюэль Макрон азаматтардың зейнетке шығу жасын 62-ден 64-ке көтеруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, бұл өзгерістің зейнетақы қорын күйреуден сақтауда өмірлік маңызы зор. Ал, кәсіподақтардың сөзінше, зейнет жасына жеткен адамдарға ауыр жұмысты тағы екі жыл артық атқару оңай емес.
Филиппе Мартинес, CGT кәсіподағының жетекшісі:
Премьер-министр бұл реформаның әлеуметтік әділеттілікке қатысты екенін айтады. Бірақ, тоқыма өнеркәсібінде, азық-түлік және ауыл шаруашылығы салаларында, ауруханаларда жұмыс істегенде, ауыр еңбектің не екенін ұғасыз. Ал сол жұмысты тағы екі жыл артық атқарудың шындығын басшылықта отырғандар жақсы білмейтін тәрізді.
Бельгия тұрғындары шеруге шығып, үкіметтен жұмыс пен өмір арасында тепе-теңдікті сақтауға жағдай жасауды талап етті. «Күтімге, игілікке, мәдениетке салынған инвестиция бүкіл қоғамды сауықтырып, оны гүлдендіре түседі», - дейді демонстранттар. Және де олар «Жалақы көтерілсін!» деп ұрандатып, министрлер кабинетінің назарын жұмысшы тапшылығына аударуға тырысты.
«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, бұл манифестацияны Бельгияның ең ірі үш кәсіподағы ұйымдастырып, оған 18 мыңнан астам адам қатысқан екен.
Арыстан Рысбек