Елордалық дәрігерлер 22 жастағы жігітті мүгедек болудан сақтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық дәрігерлер 22 жастағы жігітті мүгедек болудан сақтап қалды

31.01.2023

Елордалық дәрігерлер 22 жастағы жігітті мүгедек болудан сақтап қалды. Өндірістік жарақат алып, иық тұсынан кесіліп қалған бір қолын қайта тігіп берді. Науқастың жағдайын біліп қайтқан тілшіміз қазір толығырақ айтады. Одан бұрын тағы бір ақпарат айта кетейін, былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 203 адам қаза тапқан. Мұндай қайғылы статистикаға себеп: әуелі жұмыскерлердің абайсыздығы, екіншіден, өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы және қауіпсіздік һәм еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактілері де жиі тіркеледі. 

Дмитрий ауыр темір құрылғыларды жөндеумен айналысады. Слесарь-механик. Қосулы тұрған құрылғы сырт киімінің жеңін іліп алып, ары қарай жұтып, оң жақ қолын иық тұсынан кесіп тастаған. Салбыраған қолын терісі ғана ұстап тұрыпты. Жедел-жәрдеммен ауруханаға түскен. Әуелі 6 сағаттық операцияда үзілген қан тамырлары жалғаныпты. Екінші отада сүйегін темірмен бекітіп, бұлшық еттері тігілген. Қазір Дмитрий оң қолын тұңғыш көргендей қуанып отыр.

Дмитрий Пономарев, Астана қаласының тұрғыны:
Мен қолсыз қаламын деп ойладым. Соған көніп тұрғанмын. Операциядан кейін оянсам қолым орнында тұр. Бұл оқиға өте тез, бірер секундта болды. Кірпік қағып үлгермедім. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Өндірісте істейтіндерге сақтық шараларына мейлінше көңіл бөліңіздер дегім келеді.

Ең қызығы Дмитрийді ауруханаға әкелген жедел-жәрдем көлігінің жүргізушісі де осында жатыр. Яғни, жас жігіттің оқиғасынан кейін жол апатына ұшыраған екен.

Мұрат Мұртабеков, Астана қаласының тұрғыны:
Түнгі бір жарымда вызов түсті бізге. Айдап барып, салып алдық та Диманы алып, ауруханаға алып келдік. Дима есін бәрін жоғалтпай, өз аяғымен кірді. Мен арбамен кіргізіп бердім. Алма кезек деген осы ғой. Мен Димаға көмектескем, қазір Дима маған көмектесіп жатыр.

Дмиттрийдің оң қолы 80 пайызға қалпына келтірілген. Ем-дом жалғасып, толық айығып кетеді. Оның үзілгелі тұрған үміті жалғанды. Дәрігер –дәнекер. Бірақ, мұндай оқиғалар көп жағдайда оң нәтижемен аяқтала бермейді.

Абзал Момбеков, №2 көпбейінді аурухананың дәрігері:
Мұндай жағдайлар жиі болады. Бірақ, сақтап қалу өте сирек. Себебі, онда кей кезде уақыттың ұзақтығы, үлкен қан тамырларының үзіліп кетуі, оны жалғаған күнде де асқыну болады. Негізгі мұндай жағдайдың нәтижесі болуы науқастың біріншіден жасына байланысты. Үлкен кісілерде өте сирек сақтап қалу. Неғұрлым жылдам болса соғұрлым үміт көп болады.

Былтыр өндірістегі жазатайым оқиғалардан 1465 адам зардап шегіп, 203-і қаза тапқан. Оқыс жағдай көбіне тау-кен метталургия кешені мен құрылыс саласында тіркеледі екен. Ал, басты себеп – салғырттық және қауіпсіздік талаптарын сақтамау екені белгілі. Қорыта айтқанда, Дмитрийдің қолын дәрігерлер сақтап қалды. Ал, дәрігерге дейінгі сақтық шарлары өз қолыңызда.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу