Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті

31.01.2023

Елорданың даму қарқыны жақсы. Бас қалаға көшіп келіп жатқандар саны жыл санап артып келеді. Сондықтан, әлеуметтік инфрақұрылымға ауыртпалық түседі. Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында Президент осылай деді. Қазір шаһарда жылу, су, мектеп, балабақша және аурухана тапшы. Біраз жерде интернеттің сапасы нашар. Күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе аз емес. Жиында Мемлекет басшысы жауапты органдар мен қала әкімдігіне бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.

Елорданың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бірақ жұмыс жүзеге аспады. Бас қалада инфляция деңгейі де жоғары. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бағаның қымбаттауы 23 пайызға жеткен. Азық-түлік бір жылда орта есеппен 25 пайызға қымбаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана азық-түлікті Алматыдан 4 есе, ал Шымкенттен 2 есе аз өндіреді. Жалпы, барлық өңірмен салыстырғанда қала бұл көрсеткіш бойынша соңғы орында тұр. Кейінгі 8 жылда елордаға әкелінген азық-түлік импорты 3 есеге артты. Негізінен осы жерде шығаруға болатын өнімдер туралы сөз болып отыр. Бұл ретте жергілікті қайта өңдеу кәсіпорындары тек жарым-жартылай жұмыс істеп тұр. Көкөніс сақтайтын қойманың жетіспеуі салдарынан жағдай қиындап отыр. Сондықтан 2025 жылға дейін қалада 13 мың тоннадан астам көкөніс сақтайтын қоймалар салу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерімен бірлесіп, елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Жекеменшік мекемелерге қаржы бөлінсе де, ахуал түзелмей келеді. Білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр. Былтыр небәрі 3 мектеп салынған. 8 білім ошағы дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі қажет. Жалпы, мектеп салу мәселесі бұл – стратегиялық міндет. Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн.

Қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға басымдық беру қажет. Әлеуметтік қамсыздандыру аясындағы орташа жалақы 100 мың теңгеден асады. Жұмыс орындары бар. Бірақ, атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтардың 60 пайыздан астамының тұрмыс жағдайы төмен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондай-ақ жастарды қолдау шаралары тиімді емес. Жастармен жұмыс бұқаралық іс-шаралар өткізуден аспай жатады. Ал, Астанада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары, республика бойынша екінші орында. Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына қосылады. Соған сәйкес олардың саны көбейеді. Үкіметке әкімдікпен бірге қаладағы жастармен жұмысты күшейтуді тапсырамын.

Соңғы кезде ескі және апатты жағдайдағы үйлерді сүріп тастауға қатысты жұмыс тоқтап қалды. Оның орнына берілетін жаңа баспана саны 70 пайызға азайған. Қазір бас қалада 200 -дей үй тұруға жарамсыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жұрт ғимараттардың тығыз салынып жатқанына наразы. Құрылысы тоқтап тұрған үйлер әлі де бар. Үлескерлердің шағымы да көп. Кейбір тұрғын үйлерге орталықтан жылу беру мәселесі шешілмеген. Соның кесірінен адамдар дайын тұрған баспанасына көше алмай отыр. Сондай-ақ 360-тан астам үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды жаңғырту жоспарын әзірлеу қажет.

Президент үйлер арасына кеңсе салуға рұқсат берген шенеуніктер жауапқа тартылатынын баса айтты. Тағы бір мәселе - қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалар өте көп. Оның бәрі талапқа сай болуы керек. Сондай-ақ қалада орынсыз құрылыс жұмыстары көбейіп кетті. Үйлердің арасына ғимарат салына беретін болды. Бұл әсіресе, «Мыңжылдық» аллеясында, Сарайшық, Сығанақ, Тұран, Бейсеков көшелерінде ерекше байқалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тұрғындарға әлеуметтік нысан, саябақ немесе ойын алаңы салынады деп уәде беріледі. Алайда, ол жерде иін тірескен ғимараттар пайда болады. Мысалы, «Олимп палас-2» тұрғын үйінің ауласындағы ойын алаңының орнына зәулім кеңсе салынған. Мұндай құрылысты біржола доғару керек. Әйтпесе, шешім қабылдаған тиісті лауазым иелері жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылады. Себебі осындай шешімдердің астарында құрылыс компанияларының әкімдікте жұмыс істейтін адамдармен бірге азаматтарымыздың ықыласына қарсы қабылдаған әрекеттері жатыр.

Қалада қоғамдық көлік жүйесін дамыту – уақыт талабы. Президент автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай да жатады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті. LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.

Астанадағы көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Автокөлік саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр, деді Президент. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев қала жолдарының жай-күйіне тоқталып өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді. Ал, кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені Үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс.

Мемлекет басшысы үйлерді көгілдір отынға қосудың қымбаттығы мен қар уақытылы тазаланбай көшелер мұз айдынға айналғанын да сынға алды. Шаһарды абаттандыру сөз болды. Әкімдікке 3 жылдың ішінде көпжылдық өсімдіктердің үлесін кемінде 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Себебі, бір маусымдық гүлдерге жыл сайын шығындану – қаржыны желге шашу деген сөз. Президент қалада саябақтар санын арттыруды тапсырды. Есілдің жағасын жайлы демалыс орнына айналдыруға басымдық беру қажет. Елорда жылдың кез келген мезгілінде тұрғындар мен қала қонақтарына барынша қолайлы болу қажет. Біздің мақсатымыз осы, деді Президент.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу