Еуроодақ пен Орталық Азия елдері отырысында Ауғанстанға гуманитарлық көмек жайы талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуроодақ пен Орталық Азия елдері отырысында Ауғанстанға гуманитарлық көмек жайы талқыланды

31.01.2023

Еуропалық Одақ Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп, Ауған жастарының қазақ жерінде білім алуына мүмкіндік туғызғанын жоғары бағалайды. Бұл туралы Еуропа тарапы Брюссельде өткен Еуроодақ пен Орталық Азия елдерінің Ауғанстан бойынша өкілдерінің отырысында айтылды.

Басқосуда аймақтың бес мемлекеті Еуропалық әріптестерімен Ауғанстанда тұрақтылық орнату, әйелдер мен қыз балалардың құқығын қорғау мәселелерін талқылады. Талибан үкіметі қыздар мен әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне тыйым салған. Соған қарамастан, ауғандық қыздар Алматы мен Астананың оқу орындарында білім алып жатыр. Сондай-ақ, жиында тараптар Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу жайын да қаузады.

Томас Никлассон, Еуропалық одақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:
Қазақстан Ауғанстанның ерлері мен әйелдерінің білім алуына гранттар бөліп жатыр. Бұл өте маңызды, құнды деп есептейміз. Себебі, Ауған жастары осы жобаның игілігін көріп, өмірін өзгертті. Дегенмен, ауғандықтардың өмірін жақсартуға әлемдік қауымдастық болып басымдық беруіміз керек.

Талғат Қалиев, Қазақстанның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:
Қазақстан былтыр Ауғанстанға 500 мың тонна ұн жеткізді. Біз бұл тәжірибені әрі қарай жалғастырамыз. Қазір ауғандықтардың төрттен үші кедейшілік деңгейінде өмір сүруде. Халықтың 90 пайызы күніне бір рет қана ас ішеді. Тамаққа тоймаудың кесірінен жаңа туған сәбилер мен балалар қырылып жатыр.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу