Адам саудасы: Жылына 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Адам саудасы: Жылына 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалады

31.01.2023

Елімізде адам саудасына қатысты жылына 150-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Бірақ, барлығы бірдей сотқа жете бермейді. Бұл туралы Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссиясының хатшысы Тастемір Әбішев мәлімдеді. Әлемде ең алдымен қару-жарақ саудасы, одан кейін есірткі мен адам саудасы ең табысты қылмыс түрлеріне жатады. Халықаралық көші-қон және еңбек ұйымдарының мәліметінше, адам саудасынан қылмыскерлер орта есеппен жылына 150-160 млрд доллар тауып отыр. Қазақстанда адам саудасымен айналысқандар 18 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сондай-ақ, олар жәбірленушімен татуласа алмайды, амнистияға ілікпейді. Осы мәселелер Қазақстан Президенті жанындағы адам құқықтары комиссиясы Еуропа кеңесінің сарапшыларымен бірлесе талқыланды. Тараптар адам құқығын сақтау, адам саудасы мен тергеу барысында азаптау сияқты ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында тәжірибе алмасуға келісті.

Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысы:

Еуропа кеңесінен келген сарапшыларға біз бірлесіп оқыту семинар, тренингтерін жүргізейік деп келістік. Адам саудасының алдын алу және оның жолдарын жетілдіру, әсіресе адам құқықтарының құрбандарыныа байланысты іс-шараларды Қазақстанның көптеген өңірлерінде мемлекеттік және орыс тілінде жүргізетін боламыз.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу