Қалада бар, ауылда жоқ. Сапасына күмән көп. Соңғы кездері бірқатар облыстар мен қалаларда интернеттің қызметі нашарлаған. Арасында өшіп қалатын кездер де кездесіп жатыр. Алысқа бармай-ақ Астананың өзінде жағдай осы. Тұрғындар күнделікті ғаламтормен істелетін шаруа түгілі, балаларды оқытудан қалдық, дейді.
Астаналық Камиланың қызы бірінші сыныпта оқиды. Қыс ауасында ауа райының қолайсыздығынан көбіне сабақ онлайн форматта өтетініні белгілі. Бірақ, қашықтан оқуға интернеттің сапасы сын көтермейді. Кейде жылдамдығы бәсеңдесе, кейде мүлде істемей қалатын кезі жиі болып тұрады.
Камила Зейінғалиева, қала тұрғыны:
Соңғы кездері 2 айда жиілеп кетті интернет. Өйткені, апта сайын үш-төрт рет осылай істемей қалады. Әр осылай жұмыс істемей қалғанда звандаймыз колл-орталыққа, Қазақстан бойынша істемей тұр деп.
Интернет сапасының нашарлығына қатысты шағым көп. Жауапты министрлік бұған цифрлық экономиканың, ойын-сауық контенттерді пайдалану қарқыны едәуір өскендігі себеп дейді. Ал, Астанадағы проблеманың неден туындағанын қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында былай түсіндіріпті.
Елорда тұрғындарынан интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты шағым көптеп түсіп жатыр. Мұндай проблемалар негізінен құрылыс жүріп жатқан аудандар мен елдімекендерде кездеседі. Сол сияқты интернеттің, құрылыс қарқынына ілесе алмайтын сәттері де болып тұрады. Бұл мәселеде құрылыс компаниялары байланыс құрылысын қоса ескеруін, ал байланыс операторлары мен өзге де жауапты органдар құрылыстың жоспарына қатысуын қарастырамыз.
Астанадағы бірқатар шағын аудандарда интернет атымен жоқ. Мәселен,– Ханшатыр сауда ойын-сауық орталығының маңы, «Манхеттен» тұрғын үй кешені мен Барыс Арена спорт кластерлерінің айналасы осындай аймаққа жатады дейді жұртшылық.
Ержан Мейрамов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің төрағасы:
Біз заңнама деңгейінде бекітілген байланыс сапасының сәйкестігін тексереміз және қазір нақты проблемалық аумақтарды білеміз. Бұл жердегі үлкен проблема – радиофобия болып отыр. Онда біз әкімдікпен бірлесіп, жүйелі шешім табуға тырысамыз. Егер базалық станцияны қандай да бір нақты үйге орнату мүмкіндігі болмаса, жер учаскесін немесе тұрғын үй кешенінің арасына орнату мүмкіндігін іздейміз немесе оған дейін базалық станцияларды орналастыратын антенна-діңгек орнату мүмкіндігін қарастырамыз.
Радиофобия демекші, түрлі мифке сенетін көпшілік әлі күнге дейін радиофоб қойдырудан қорқады. Статистика бойынша былтыр орнатылған құрылғылардың 20 пайызы алынып тасталған. Қазіргі заңға сай тұрғын үйде бір ғана адам радиофобқа қарсы болса, оның пікірі ескеріледі. Айта кетейік, жуырда «қолжетімді интернет» жобасын таныстырған министр Бағдат Мусин алдағы 4 жылдың ішінде елдің 20 қаласында 5G интернет желісі тартылатынын айтқан еді. Дегенмен, қазақстандықтарды 100 пайыз интернетпен қарық қылатын «Цифрлық Қазақстан» жобасының рахатын тұрғындар әлі сезіне алмай жүр.
Асылбек Данияр