Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісті

29.01.2023

Таяу Шығыстағы жағдай қайта шиеленісті. Жұма күні Иерусалимдегі синагогоның жанында бір палестиналық оқ атып, 7 адамды мерт қылды. Бұл шабуылға Израиль үкіметі қатаң жауап беретінін ескертіп отыр. Жалпы алғанда қаңтардың басынан бері Израиль қауіпсіздік күштері Иордан өзенінің батыс жағалауында, Дженин босқындар лагерінде, шығыс Иерусалимде рейдтер жүргізіп, 30-дан астам палестиналықты атып өлтірген. Содан кейін «Хамас» қозғалысы бақылауындағы Газа секторынан Израиль қалаларына ракета жаудырылды. Еврей мемлекетінің әскерилері болса, кек алу операциясын жүргізіп, Газаға әуеден соққы берді. Қазір жергілікті халық сол операцияның қайталануынан қауіптеніп отыр.

Хамед Хоудари, Газа тұрғыны:

Біз алаңдап, қорқынышта өмір сүріп жатырмыз. Жарылыстарды естиміз, қаша бастаймыз. Израильде билікке келген радикалдардың мақсаты - Палестина халқын қыру. Барлық жерде бізге қарсы зорлық-зомбылық. Газада, Дженинде және Батыс жағалауда, басқа жерлерде осындай жағдай.

Израиль рейдтерді қарулы топтардың позицияларын жою және жаңа шабуылдарға жол бермеу үшін жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр. Ал палестиналықтардың айтуынша, аймақта тайталастың күшеюіне Израильдің 1967 жылы басып алған Батыс жағалау мен Шығыс Иерусалимде еврей қоныстарын кеңейтуі себеп болған. Атап өтерлігі, бұл құрылысқа АҚШ-та қарсы. Өйткені палестиналықтар осынау оккупацияланған территорияларды болашақ мемлекетінің иелігіне алғысы келеді. Ал Израиль Иерусалимді тұтастай өзінің астанасы етуді көздеп отыр.


Хабарламаларға жазылу