Батыс Украинаны танктермен қамтамасыз етуге келісті
Осы аптада Батыс Украинаны танктермен қамтамасыз етуге ақыры келісті. Ал Ресей осы шешім үшін АҚШ пен Еуропаны қарулы жанжалдың тікелей қатысушыларына айналды деп айыптап, сол танктердің отқа оранатынын ескертті. Зеленский болса, НАТО-дан шынжыр табанды машина алумен шектеліп қалмай, енді Брюссель мен Вашингтоннан ұзақ қашықтыққа арналған ракеталар мен әскери ұшақтарын сұрай бастады. Бұл жөнінде, тіпті жедел келіссөздер де басталып кеткен.
Мына кадрлар Донецк облысының Часов Яр қаласында сенбі күні түсірілді. Тас-талқаны шыққан үйлер мен автомашиналар. Жергілікті тұрғындар - Наталия мен оның жұбайы ең қажет заттарын жинап, жан сақтау үшін Краматорск қаласына кетіп барады. Өйткені олардың үйлеріне де ракета тиген.
Наталья, Донецк облысының тұрғыны:
Снаряд тиді. Бәрін қиратты, не айтайын? Біз баспанасыз қалдық. Жетеді енді, жетер!
Бұл жердің халқының көбі көшіп кеткен. Алайда қалып қойғандар да аз емес. Әсіресе қарттарға бас сауғалап, басқа жаққа қоныс аудару қиын, кейде мүмкін емес.
Анна Педерина, 83 жаста, Донецк облысының тұрғыны:
Менің көршілерім жоқ, не істерімді білмеймін, қалай тіршілік қылуым керек? Неден бастауым керек? Білмеймін. Мен адал өмір сүрдім. Соғысты қарғыс атсын!
Киев бұндай зымырандық шабуылдар үшін Мәскеуді айыптайды. Бірақ, Ресей армиясы Украинада азаматтық нысандарды қиратты деген мәліметтерді үнемі жоққа шығарып келеді.
Бірер күн бұрын белгілі болғандай, Украина енді Батыс елдерінен ұзақ қашықтыққа арналған ракеталар мен әскери ұшақтар алу үшін жедел келіссөздер жүргізуге кірісті. Сондағы мақсаты – Ресейді Украина қалаларына зымыран жіберу мүмкіндігінен айыру және оның Қырымдағы артиллериялық снаряд сақталған қоймаларын жою.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Егер біз өз әскерімізді тиісті зымырандық күшпен қамтамасыз ете алсақ, Ресейді тоқтатуға болады. Мұндай әрекеттер жауапсыз қалмауы керек. Украинаға ұзақ қашықтыққа арналған зымырандар қажет. Атап айтқанда, бізде басқыншылардың майдан шебінен алыс орналасқан ракета ұшыру қондырғыларын жоятын мүмкіндік болуға тиіс.
Алайда осы айдың басында Кремль ескерткендей, Украина Ресейдің Қырымдағы қару-жарақ қоймаларын жоюға кірісетін болса, бұл әскери жанжал тіпті қауіпті деңгейге көтеріліп, бүкіл Еуропаға тарауы мүмкін.
Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:
Бұл өте қауіпті жағдай. Ол қарулы қақтығысты жаңа деңгейге көтеру дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл жаһандық және еуропалық қауіпсіздік тұрғысынан жақсы нәтиже бермейді.
Осылайша, Украина Батыстан 300 шақырым жердегі нысанды жоятын америкалық ATACMS зымыраны мен әйгілі F-16 ұшақтарын сұрай бастады.
Және де осы аптада Украинаны ауыр қарумен қамтамасыз ету жөніндегі бірнеше айға созылған келіссөздер Киев үшін сәтті аяқталды. Германия бұл мемлекетке өзінің «Леопард-2» атты танктерінің 14 данасын, ал АҚШ «Абрамстарының» 30-дан астамын жөнелтетін болды. Сонымен қатар Еуропаның Польша бастаған тағы бірнеше елі Украинаға осындай машина жіберуге келісіп отыр.
Зеленскийдің есебінше, Украина армиясы осы танктердің үш жүзімен Ресейге тойтарыс бере алады. Алайда кейбір әскери сарапшылардың пікірінше, Украина армиясын Батыстың 100 танкісінің өзі майдан даласында үстем күшке айналдыруы мүмкін.
Эд Арнольд, RUSI институтының еуропа қауіпсіздігі жөніндегі зерттеушісі:
Батыста жасалған «Челленджер», «Абрамс» немесе «Леопард» тәрізді жауынгерлік танктердің атыс күші мен қорғанысы ресейлік танктердің мүмкіндіктерінен асып түседі. Олар, сондай-ақ жақсырақ оптикаға ие, жүріп келе жатып атуға өте қолайды. Көздеген нысанның орналасқан жерін дәлірек анықтайды. Сондықтан бұл танктер майдан даласында нақты өзгеріс әкеледі.
Дегенмен Мәскеудің мәлімдеуінше, Киевке танктерін ұсына отырып, АҚШ пен Еуропа Украинадағы қарулы қақтығыстың тікелей қатысушыларына айналды. Және де Байден әкімшілігі бұл әскери машиналардың Ресейге ешқандай қауіп төндірмейтінін хабарласа да, Кремль ол танктердің жойылатынын ескертіп отыр.
Дмитрий Песков, Кремльдің баспасөз хатшысы:
Қайталап айтайын: бұл танктер де басқалар сияқты жанады. Тек олар өте қымбатқа түседі және мұның бәрі бірінші кезекте еуропалық, америкалық салық төлеушілерге үлкен салмақ түсірейін деп отыр.
Майдандағы жағдайға келсек, қазір негізгі шайқас Донецк облысының Бахмут, Авдеевка қалалары үшін жүріп жатыр. Алайда «Ассоушиэйтид пресс» агенттігінің хабарлауынша, қысқа болғандықтан, құрлықтық операциялар тұралап, екі жақтың да әскері ұрыста айтарлықтай жетістік байқатпай отыр.
Арыстан Рысбек
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
