Мемлекет басшысы: Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек

29.01.2023

«Билікті сынау – азаматтық қоғамның ажырамас бөлшегі». Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан жасақталған Сенат отырысында осылай деді. Шындық үшін айтылған сын және жеке мүддесі үшін жасалатын көзбояушылық болады. Әсіресе саяси науқан жақындаған сайын соңғысы белең алатыны бар.

Депутаттар алдында сөйлегенде Тоқаев әр нәрсенің екінші жағын да әрдайым еске салып отырды. Қарапайым ғана қағида: дүние ақ пен қара ғана алмасқан алаң емес. Сол сияқты пікірлер де әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ұлттық мүдде - ортақ. Жиі мысал ететін, аңсайтын демократиялық яки есті қоғамның басты принципі - пікірлер плюрализмі. Алдағы сайлау да Қазақстан қоғамын осы жағынан сынайтын сияқты.

Сондықтан Президент саяси ұйымдарды халық алдындағы жауапкершілікті ұмытпауға үндеді. Бұл институт – ел бірлігін бекемдеуге, азаматтық қоғамды қалыптастыруға, жұрттың мұң-мұқтажын биік мінбелерге жеткізуге міндетті. Конституциялық реформалар да сол үшін жасалды. Саясаткерлердің жаңа шоғырын шығарып, оларды елге таныту да осы мақсатқа бағытталған,-деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда пікір алуандығына ешқандай шектеу қойылмайды. Заңға қайшы келмейтін барлық іс-әрекетке рұқсат беріледі. Дегенмен бір нәрсені бәріміз қағида қылып ұстауымыз керек. Сайлау елді бөлетін емес, біріктіретін науқан болуы керек. Аңдамай айтылған артық сөз немесе ойланбай жасалған оқыс қадам бүкіл елдің болашағына кесірін тигізуі мүмкін. Әрбір отандасымыз осыны дұрыс түсінуге тиіс.

Президент алдағы саяси науқаннан, ұйымдардан не күтетінін жеткізді. Партиялар, ең алдымен азаматтық қоғамның тірегі болып қалыптасуды міндет қылғаны дұрыс. Басты нысана - халықтың қамы. Бағдарламаларын орындай отырып, заңды да аттамауға тиіс, - деді Мемлекет басшысы.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу