Жетісу облысында шибөрі қаптап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында шибөрі қаптап кетті

27.01.2023

Жетісу облысында шибөрі қаптап кетті. Жыртқыш аң әсіресе, Ескелді ауданындағы елді мекен маңында көп. Сондықтан, тазы асырап, ұлттық құндылықтарды жаңғыртқан Қарабұлақ ауылының азаматтары салбұрынға шығып, шибөрілерді ауыл маңынан қуып тастады. 

Бұл - Жұлдыз атты тазының жұлдызды сәті. Шибөріні қуып жеткенін иесі өзі түсіріп алған. Ал саят құрған жігіттердің алдынан еліктер шығып, тазыларын бір сынап көрді.

Бұл жолы қанжыға түз тағысымен майланбаса да, ауыл маңында халықты мазалаған шибөрілерді біраз қуып тастау мақсаты орындалды. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде жыртқыш аң Қарабұлақ ауылына кіріп, елді мекенге тым жақын келе бастаған.

Арнат Алтынбеков, ауыл тұрғыны:

Балалар жүреді мектепке. Таңертең ерте жүреді, кешке жүреді. Соларды енді кішкене құрту керек болып тұр, шибөрілерді.
Ауыл тұрғындарының бұл бастамасын жергілікті атқарушы билік те қолдап кетті. Біріншіден, тұрғындар қауіпсіздігі, екіншіден, ұлттық өнердің жаңғыруы, үшіншіден, саламатты өмір салты.

Елдос Ахметов, Ескелді ауданының әкімі:

Шибөрі деген көбейіп барады. Соны кішкене азайтып, ауылдың маңынан ұстайтынын ұстап, жоғары қарай қуалап тастады. Мына елдерге жақын жердегі ауылдарға маза бермей жатыр.

Жалпы Жетісу өңірінде тазы асыраушылар қатары көбейіп келеді. Асырап қана қоймай, тұқымын асылдандырып, сырт табиғаты мен аңға шығу қабілетін жақсартуға кіріскен.

Дәурен Байгерім, ауыл тұрғыны:

Ауданымызда Дауыл атты тазымыз, Тұмар деген тазыларымыз болған. 3-4 жыл бұрын сол тазыларымыз жүлделі орын алып, бас жүлдені алды. Сол тазылардың тұқымын алып, аңға салып, көріп-тексеріп, солардың нәтижесін көріп жатқан жайымыз бар.

Саятшы қауым салбұрынды бұдан былай жиі ұйымдастырып тұруға келісті. Ойы бір, мақсаты ортақ қауымның өзара қарым-қатынасы үшін таптырмас мүмкіндік,-дейді олар.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу