Маңғыстаулық тұрғын тыңайтқыш өндірісін дамыта бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаулық тұрғын тыңайтқыш өндірісін дамыта бастады

27.01.2023

Кәсіптің көзін тапқан қарапайым тұрғындардың еңбегі көпке үлгі болуы тиіс. Мәселен, маңғыстаулық Жұмабек Бөлекбаев ауылында жоқ кәсіп түрі - табиғи органикалық тыңайтқыш өндіруді қолға алды. Тынымсыз еңбегінің арқасында 33 жастағы көпбалалы азамат отбасын бағып, кәсібінің нәсібін көруде.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бұл калифорниялық қызыл құрт деп аталады. Жәндіктер тек малдың көңімен қоректенеді. Міне осылай екеуін араластырып қойса, шамамен 6 айда кәдімгі дайын органикалық таңайтқыш пайда болады.

Құрық ауылының тұрғыны Жұмабек Бөлекбаев құрттарды балаша баптайды. Күніне бірнеше рет қопсытып, су құяды. Жәндіктер жақсы өсуі үшін, жеміс-жидектердің қалдықтарын береді. Ол құрт өсіруді былтыр бастаған. Тапсырыспен алдыртқан 4 қорап калифорниялық шылаушындар көмегімен 5 мың литр органикалық тыңайтқыш өндірген.

Жұмабек Бөлекбаев, Құрық ауылының тұрғыны:

Ауылдағы көбі талдарына сұрайды, егінге сұрайды, жылыжайы бар огурцы помидор егетіндер сұрайды. Бала-шағамды осы ненің арқасында жасыратыны жоқ бақтық, бағып та жатырмыз. Кеңейту керек болып тұр, Үлкен алқапқа шығу керек болып тұр бұған.

Жұмабек сияқты еңбекқор, идеясы бар тұрғындарға қашан да қолдау бар. Аудандық әкімдік кәсіпкерге жер телімін де бөліп жатыр.

Нұрсұлтан Сайлаубаев, Қарақия ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

Қарақия ауданы әкімі аппаратына Жұмабек есімді азаматтан өтініш келіп түскен болатын бау-бақша өсіру мақсатында. Қазіргі таңда комиссия отырысында қаралып, ҚР Жер көдексі заң талаптарына сәйкес, оң қорытындысын алған болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік акт жасалуда.

Жұмабек Бөлекбаевтың бұған дейін тұрақты табысы болмаған. Табылған жұмыстан бас тартпай келді. Ал қазір «Кәсіптің көзін таптым» дейді. Себебі, облыста оның бизнесіне әзірге конкурент жоқ. 7 баланың әкесі алдағы уақытта осы кәсібіне қоса, диқаншылық пен де айналыспақ.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу