Өскеменде көктайғақтан жарақат алғандар саны күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде көктайғақтан жарақат алғандар саны күрт көбейді

26.01.2023

Өскеменде көктайғақтан жарақат алғандар саны күрт көбейді. Тек осы қаңтар айында бір ғана ауруханаға түрлі жарақатпен 2 мыңға жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Көк мұзда құлап, аяқ-қолдарын сындырғандардың саны тым көп деп облыстың бас травматологы да дабыл қағып отыр. Дәрігерлер қала әкімдігіне жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларға дер кезінде құм төгіп, жағдайға назар аударуды сұрайды. 

Надежда Веселова Өскемендегі ең шеткі аудандардың бірінде тұрады. Екі күн бұрын таңмен таласа жұмысқа асығып бара жатып жығылған. Аяғы сынып кеткенін өзі де бірден сезген. Сол маңдағы адамдар көмекке келіп жедел шақырған. Кеше дәрігерлер аяғына операция жасап, таңып тастады.

Надежда Веселова, қала тұрғыны:
Таңертең ерте жұмысқа асығып шыққам. Жаяу жүргіншілер жолына түскенім сол еді, шалқамнан түстім. Жолдың үсті қар, асты мұз екен. Аяғым үш жерден сынып кетіпті.
Шыңғыс Қайнаров, №4 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
Соңғы бір айда 1920 адам біздің травматологиялық пунктке қаралды. Соның ішінде 30-40 пайызы көше жарақаты. Әрине көбінесе қол және табан сүйектері. Балтыр сүйектерінің жарақатымен бізге келеді.

Облыстың бас травматологы да соңғы бір айда аяқ-қол сынып, ауруханаға түскен науқастар саны күрт көбейгенін айтып отыр. Ол мұны көше тазалығына жауапты қызметкерлердің жауапсыздығымен байланыстырады.

Сергей Карасев, Шығыс Қазақстан облысының бас травматологы:
Көше, аялдама мүлде дұрыс тазаланбайды. Осыдан соң әрине жарақат көбейеді. Жығылып мертіккен адамның оған еш кінәсі жоқ. Бізге медициналық көмекке жүгінгендердің көбі автобусқа кірерде немесе шығатын кезде жығылып мертіккенін айтады. Осы қаңтарда біздің бөлімде күнде операция.

Аялдама мен көшенің көк жалтыр мұзынан қоғамдық көліктер де әрең жүр. Сондықтан шеткі шағын аудандарға қатынайтын автобустардың жүруінен тұруы көп.

Төлеген Оразбаев, автобус жүргізушісі:
Ішінде ғана кішкене тазалайды. Оның өзінде құм жоқ. Жолдың шетіндегі қарды да алмайды. Тоқтай алмайсың. Кісілер де құлап жатады. Айғай-шу. Аяқтары тайып. Аялдаманың бәрін тазаламағаннан кейін бекер. Мұз жып-жылтыр.

Жып-жылтыр мұзға құм төгетін мекеме жұмысшылары қолдан келгенді істеп жатырмыз дейді. Бірақ, мына далиған даңғылдың бойындағы жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаға құмды екі-ақ адам қаппен тасып, күрекпен шашып жүр.

Көше тазалығығына жауапты коммуналдық мекеме басшысы көктайғақты қардың көптігінен көріп отыр. Ал қаланың басынан аяғына дейінгі қашықтық 30 шақырымнан асады. Осы аралықтағы 500-ге жуық аялдаманың қарын тазалап, мұзын ойып, оған құм себуге 150- ге жуық жұмысшы жауапты.

Асхат Тәженов, «Өскемен тазалық» КММ директоры:
Құм себеміз, қайта қар жауады. Оны күрейміз. Қайтадан себуіміз керек. Күнде қар жауады. Күнде 1-2 сантиметр қар жауса да ол аялдама мен жолды жауап тастайды.

Көктайғақта қолдану үшін осы қысқа 16 мың текше метр құм дайындалған. Ол жеткілікті екен. Тек жұмысшы аз. Ал өскемендіктер тайғанақтап жүріп желтоқсан мен қаңтарды да өткізді. Алда арқыраған ақ боранымен ақпан тұр.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу