Универсиада-2023: Алматылықтар ел намысын қорғаған спортшыларды күтіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Универсиада-2023: Алматылықтар ел намысын қорғаған спортшыларды күтіп алды

24.01.2023

Қысқы Универсиадада Қазақстанның намысын қорғаған спортшыларымыздың бірқатарын жанкүйерлер Алматы әуежайынан қарсы алды. Олардың арасында студенттер мен жеңімпаздардың туыстары да бар.

Отандастарымыз дүниежүзілік жарыста алған тәжірибесімен, алға қойған мақсатымен бөлісті. Жарыстардың жеңіл болмағанын, алайда, Америкаға алдын ала барып, жергілікті инфрақұрылыммен танысып, құралдарды соған сай әзірлеу - жеңіске жетелеген әдіс болғанын жасырмайды. Елге оралған спортшылар арасында шаңғымен секіруден командалық сында күміс медаль иеленген Сергей Ткаченко да бар.

Сергей Ткаченко, ХХХI Қысқы Универсиада ойындарының күміс жүлдегері:

Жазда жарақат алып, аяғымды сындырып алдым. Одан кейін қалыпқа келу оңай болмады. Дегенмен, осы көрсеткіштің өзіне ризамын. Алда әлем чемпионаты бар. Мақсат көп. Ол жерде де жүлдегер атану үшін барымды саламын.

Мұхтар Есқалиев, Қазақстан ұлттық студенттік спорт одағының вице-президенті:

Студенттер спортындағы ең жоғарғы шың - бұл дүниежүзілік Универсиада. 50-ге жуық мемлекет қатысқан осындай әлемдік додада 11-орынға тұрақтау жақсы нәтиже. Артымызда әлемнің алпауыт мемлекеттерінің құрамалары қалып қойды деп айтсақ болады. Сондықтан студент спортшылардың өнер көрсетуі, ел мәртебесін көтеруі өте қуантарлық жағдай деп айтар едім.


Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу