Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы қазандыққа көмірді жұмысшылар қолмен тасып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы қазандыққа көмірді жұмысшылар қолмен тасып жүр

23.01.2023

Риддер қаласындағы жылу электр орталығындағы қазандыққа көмірді жұмысшылар қолмен тасып жүр. Өйткені өткен аптада стратегиялық нысанның отын беретін галереясындағы лента толық жанып кеткен. Осы оқыс оқиғадан соң, қазандықтар мазутқа көшірілген. Бірақ, кешелі-бері көмір мен мазут қатар жағыла бастады. Ал шағын шаһардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары қара күзден бері жылуға жарымай отыр.

Тоңып отырған көп тұрғынның бірі - Мәулия Дөненбаева. Бірінші қабатта тұратын зейнеткердің пәтері бұрыннан салқын болыпты. Ал жылу орталығында апат болғаннан бері баспанасы тіпті суып кеткен. 

Мәулия Дөненбаева, зейнеткер:
Міне әйнектің бәрі көгереді. Бұрын батарея ыстық болған. Биыл міне суық.

Өткен жылдың қараша айында Риддердегі жылу орталығында 6 қазандық бірден істен шыққан. Салдарынан жылу мөлшері азайып, қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұзылған қазандықтарды бірнеше айда әупіремдеп жөндеп, жылуды қалыпты темпуратураға енді көтергенде өрт шықты. Осының кесірінен шаҺардағы 55 мың тұрғын әлі дірдектеп отыр. 

Бақытжан Бешімбеков, Риддер қаласының тұрғыны:
Үй суық. Үйде жылы киіммен жүреміз. Менде өз басымда 6 балам бар. 6 ай болды жөндегелі. Бір жыл жөндесе де бізге нәтиже керек?

Өрттен соң қазындықтар мазутпен жылытылған. Қазір көмір де жаға бастады. Бірақ қатты отынды 30 жұмысшы күндіз-түні арбамен тасып жүр.

Ержан Нұрабаев, облыс әкімінің орынбасары:
Қалыпты температураны сақтап тұру үшін көмірді жағуды бастадық. Ол үшін жылу орталығының төбесін ашып, кран сол жерге шығарып береді. Одан ары жұмысшылар арбамен, қазандықтарға жеткізіп жатыр.

Жылу орталығының көмір галереясындағы жанып кеткен лентаны қалпына келтіру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Ал тұрғындар күзден бері ыстық су мен жылудың ақысына алаңдап отыр.

Мағрифа Малғаждарова, зейнеткер:
Аықырын қосып жатыр. Осы айға түбіртек те келген жоқ. Ыстық суды мойынға іліп жатыр. 84 мың болып тұрды. Енді 86 мың қылып қосып қойды.

Қосып қойған әрбір тиын есептеледі. Құзырлы органдар жылыту орлығында алғашқы апат болағанда-ақ тексеруді бастаған.

Арман Мәлік облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
Жылу энергиясын сапасыз және толық көлемде бермегені үшін Риддер тұрғындарына қайта есептеу туралы нұсқама жіберілетін болады.

Көмір лентасы жөнделер, төлем есебі де реттелер. Қалай болғанымен, риддерліктер күзден бері жылуға жарымай отыр. Суық пәтерде шықпа жаным, шықпа деп отырғанда қыстың жартысы да өтіп кетті. Ал жылу электр орталығын мемлекет қарамағына алу мәселесі әлі талқыланып жатыр. Өйткені әбден тозған стратегиялық нысанның қазіргі қарызы 2 миллиард теңгеден асады.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу