Президент биыл шетелге алғашқы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент биыл шетелге алғашқы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастады

22.01.2023

Қазақстан мен БАӘ бірлесіп, Каспийде танкерлік және сауда флотын құрмақшы. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін «Қазмұнайгаз» бен Abu Dhabi Ports Company ынтымақтастық орнатып жатыр. Бұл ірі операторға қазір Әмірліктер мен Гвинеяны қоса алғанда11 порт қарайды. Мұндай үлкен компаниямен кооперациялық бірлестік құру Қазақстан үшін тиімді екені түсінікті. Әрі геосаяси жағдай ушыққалы Қазақстанның Орталық Азиядағы, Каспий аймағындағы ең басты транспорттық хабқа айналу амбициясы бар. Әмірліктерге сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан - Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа», - деді. Бірақ бұл бағытты дамыту үшін проблемаларды шешіп алу керек. Қазақстанның жолдары көңіл көншітпейді. Бюрократиялық кедергілер де бар. Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті байланыстырып қана қоймай, қауіпсіздік шараларын да ескеру керек.

Иә, Қазақстанның қойнауы пайдалы қазбаға толы. Уран, титан, хром сияқты материалдардың ірі өндірушісі саналғанымен, әлі зерттелмеген кен орны көп. Ал оларды ашу үшін технология, тәжірибе керек. Сондықтан Қазақстан әзірге БАӘ сияқты елдердің инвестициясына мұқтаж. Бір-ақ статистиканы келтірсек: Қазақстанның ЖІӨ – 197 млрд АҚШ доллары. Ал БАӘ-кі 415 млрд АҚШ доллары.

Былтыр Әмірліктерді Халықаралық валюта қоры араб әлеміндегі «ең бәсекеге қабілетті» деп таныды. Дүниежүзілік рейтингтегі де орны осал емес. 2022 жылы Люксембург, Канада, Германия, Исландия мен Қытайдан да озып, экономикасы бәсекеге қабілетті мемлекеттер бойынша 12-ші орынға ие болған екен.

Қазақстанның Араб Әмірліктерімен серіктестікті кеңейтуге талпынысы да түсінікті. Ақерке Бектастың материалы.

2020 жылдан кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне екінші рет ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян«Әл-Уатан» сарайында қарсы алды. Қазақстан Президентінің құрметіне 21 рет зеңбіректен оқ атылып, мемлекеттік әнұран орындалды.

Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның таяу шығыстағы негізгі экономикалық серіктесі. Арадағы сауда айналымы былтыр 610 млн доллардан асты. Тараптар оны 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Осы уақытқа дейін БАӘ Қазақстанға 3 млрд доллар инвестиция құйған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл сапардың мағынасы ерекше. Бұл келісімдер екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын.Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді.

Қазақстан Президентінің биыл шетелге алғашқы ресми сапарын Біріккен Араб Әмірліктерінен бастауы тегін емес. Дүние жүзіндегі геоэкономикалық жағдай салдарынан көлік-логистикалық жүйе біртіндеп ыдырап бара жатыр. Алып державалар арасындағы санкцияның салқыны Қазақстанды айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев байланысқа тың серпін беру керек,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі елдің қарым-қатынасында түрлі салада жетістіктер аз емес. Дегенмен екі мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді.

Ал серіктестікке серпін беруге Әмірліктер де мүдделі. Абу-Даби Астанамен тығыз қарым-қатынасы арқылы Орталық Азиядағы ықпалын кеңейтуді көздейді.

Мұхаммед бен Заид әл Нахаян, шейх, Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті:

Осы сапар барысында жаңартылатын энергия саласында маңызды құжаттарға қол қойылды. Келісілген жобалардың толыққанды жүзеге асатынына зор үміт артамын.

Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласының сарапшысы:

2022 жыл Қазақстан үшін өзгеріс жылы болды. Біздің мұнай, газ, уранымызды тек ғана бір бағыт емес, басқа да бағыттар арқылы шығарудың жолдарын іздестіруді бастатты. Соны да бәлкім көрген болар, инвесторлар қызығушылық танытып отыр.

Риззат Елубаев, Қазақстан Қоғамдық даму институтының сарапшысы:

БАӘ Орталық Азиядағы басты серіктес ретінде Қазақстанды қарастырады. Қазақстанның ауылшаруашылығы мен инвестиция тарту бойынша әл-ауқаты зор. Бұны Әмірліктер біліп отыр.

Диверсификация сол үшін де маңызды. Сондықтан сарапшылар экономиканы әр тараптан түсетін пайдаға байлау қажет деп есептейді.

Қанат Байғарин, физика-математика ғылымдарының докторы:

Бүгін бізде халықаралық нарыққа сата алатын мұнай да, газ да, көмір де бар. Бірақ олар ертең болмайды. Тапшылықтан бұрын энергияның бұл түріне сұраныс та азаюы мүмкін. Өйткені бұл қоршаған ортаға қалдық шығарады. Қазақстан неғұрлым күннен, желден өзге табиғи көзден қуат табатын болса, соғұрлым әлем нарығындағы орнын сақтап қалады.

Абу-Дабидегі саммитті ұйымдастырған Masdar компаниясы Қазақстан нарығында 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Арадағы байланысқа Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 жыл бұрынғы сапары кезінде қол жеткізген келісімдер серпін берді. Қазір Әмірлік астанасынан 17 шақырым жерде жаңа қала тұрғызып жатыр.

Ақерке Бектас, тілші:

Масдар – шөл далада салынып жатқан эко қала. Әрі дүние жүзінде көміртектен бас тартқан алғашқы шаһар. 17 жыл бұрын құрылысы басталған қала тек табиғи энергия көзімен жабдықталған. Мұнай, газ, көмірдің орнына қуатты күн мен желден алады. Мысалы, күндіз аптап ыстықтан қорғайтын мынадай қалқандар, сол жинаған энергия арқылы түнде қалаға жарық береді.

Қаладан тіпті жанар-жағармаймен жүретін көлікті де кездестірмейміз. Адамдар электромобильмен қатынайды. Енді Masdar компаниясыТүркістан және Жамбыл облыстарында 1 ГВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Компанияның бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаны жүзеге асыру жолын талқылады.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

Енді алдағы жұмыс – коммерциялық жағынан, тарифтер жағын келісуіміз керек. Және нақты орналастыратын жерін бекітуіміз керек. 500 млн доллар болуы мүмкін. Нақты сомасы зерттеу жұмыстары аяқталған соң.

Ресми сапар аясында тоғыз құжатқа қол қойылды. Соның бірі Каспий теңізіндегі порт инфрақұрылымын дамыту туралы келісім. «ҚазМұнайГаз» бен «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы Қазақстанда бірлесіп кәсіпорын ашады.

Ақерке Бектас


Хабарламаларға жазылу