Енді мердігерлер құрылыс бағасын негізсіз көтере алмайды. Қазақстан экономикасының драйверлерінің бірі саналатын бұл салаға жаңа тәртіп орнағалы жатыр. Жауапты министрлік бұл үшін арнайы нормалар қабылдағанын мәлімдеді. Оның ішінде сметалық бағасы мен шекті құнды белгілеу, праис парақтарды алып тастау сияқты шаралар бар. Бұл өзгерістер құрылыс сапасы мен құнына қалай әсер етуі мүмкін? Серік Селеубайұлы зерттеп көрді.
Құрылыс құнына әсер ететін негізгі фактор материалдар екені белгілі. Отандық өндіріс бұл қажетті жабдықтармен қамтамасыз етпеген соң, оның көп бөлігі шеттен келеді. Мәселен, 2021 жылы қымбатшылықтың кесірінен 600-ге жуық жоба қайта қаржыландырылған. Себебі бұл құрылыстардың көбі екі-үш жыл бұрын аяқталуға тиіс еді. Сондықтан да қаражат екі-үш жыл бұрынғы бағаға есептелген. Бірақ бюджеттің дұрыс бөлінбеуінен қолданысқа кешігіп берілді. Алайда қосымша қаражат бөлгізу үшін жұмыс мерзімін әдейі созатындар да бар дейді сарапшылар.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:Бір жыл күтеді. Сосын жылдың аяғында бағалар өсті деп айтады. Бірақ ол бір жыл бойы не істеді? Не бітіреді? Бір 5-6 пайыз жұмысты бітіреді. Көзбояушылық ретінде. Содан кейін ол айтады міне бағалар ресми инфляция 11 пайыз десе, сол 11 пайызға қосымша ақша бөлінеді.
Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сметалық бағаны белгілеудің жаңа индексін енгізді. Онда құрылыс материалдары нарықтағы бағаға сәйкес болуы керек. Сонымен қатар олардың құны айлық есептік көрсеткішке байланған. Яғни бұл бірнеше жылға созылатын құрылыстар кезінде тиімді. Мердігерге тапсырыс берушіге жыл сайын бағаның қымбаттағанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Бұрын қайта қаржыландыру бекітілгенше құрылыс тоқтап тұратын. Бұл жобаны созбаққа салуға мүмкіндік бермейді дейді авторлар.
Бақытжан Жүнісбеков, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:Былтыр прайс парақтарды алып тастадық. Қазір құрылыс, монтаж, жобалау жұмыстарының, құрылыс материалдары мен басқа да жабдықтардың бағасы сметалық-нормативтік базаға енгізіледі. Бұрын бір өнімнің прайс парақта жазылған бағасын өзгертуге болмайтын.
Сонымен қатар құрылыстың шекті құны деген де ұғым енгізілді. Ол жобалық-сметалық құжаттарда бағаны негізсіз аспандатуға жол бермейді. Бірақ құрылысшылар қауымдастығының өкілі бұл нормалардың да жұмыс істейтініне күмәнмен қарайды.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:Заң жүзінде бәрі жақсы. Бюджет кодексі болсын, құрылыс нормаларында тетіктер қарастырылған. Бірақ орындауға келгенде кәсіпкер де, мемлекеттік орган да ақсайды. Бұны жоюдың жалғыз жолы бақылауды қатаңдату. Ол үшін адами факторды жою керек. Егер бәрін цифрлық жүйеге ауыстырса міндетін орындамау немесе қаржыны кешіктіру сияқты мәселелер тыйылады.
Қазір құрылыс саласын цифрландыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Оған сәйкес, әр нысанға жеке нөмір беріліп, қазығы қағылған кезден бастап, күрегенге дейінгі барлық өзгерістер ақпараттық жүйеге енгізіліп отырады. Бұл кез-келген құрылысты толық бақылауда ұстауға мүмкіндік береді дейді жоба авторлары.
Серік Селеубайұлы