Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы бір күнде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы бір күнде өтеді

20.01.2023

Бүгіннен бастап ел аумағында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды. Екі сайлау бір күнде, яғни 19-шы наурызда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы тиісті құжатты бекітті.

Екі айдан кейін елде тағы сайлау. Бұл жолы халық Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын таңдайды. Саяси науқанға дайындық басталып та кетті. Кандидаттар мен партиялық тізімдерді бүгіннен тіркеуге рұқсат. Алдағы бір ай, яғни 18-ші ақпанға дейін уақыт бар. Одан кейінгі ай – үгіт-насихат науқаны.

Биылдан бастап Мәжіліс мандаты қысқарады. Ассамблеяға тиесілі 9 мандат енді болмайды. Олар Сенатта отырады. Яғни, бұдан былай төменгі палатада 107 емес, 98 депутат. Оның 30 пайызы, яғни 29 депутат мажоритарлық жүйеде сайланады. Демек, ешқандай партияда болмай-ақ, өзін-өзі ұсына алады. 69-ы партиялық тізімдер бойынша қатысады.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы бір күнде өтеді. Бұл - сайлаушылардың уақыты мен мемлекет қаржысын үнемдеу үшін қабылданған шешім.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
Біз мұны партиялармен де ақылдастық. Насихат жұмыстары әр мерзімде өткізілсе шатас болады. Ақылдаса келе, бәрін бір күнге ыңғайладық.

Биыл алғаш рет «бәріне қарсымын» деген бағана енгізіліп отыр. Мәслихат депутаттығына 20 жастағы азаматтар да қатыса алады.

Константин Петров, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:
Парламент Мәжілісінің депутаттығына соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында тұратын, 25 жасқа толған азамат кандидат бола алады. Ал мәслихат депутаттығына 20 жасқа толған Қазақстан азаматы кандидат бола алады. Заңда белгіленген тәртіп бойынша соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмысы бар адам депутаттыққа кандидат бола алмайды.

Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында мегаполистерде 4, қалған өңірлерде 5 бюллетень болады. Ол барлық сайлау учаскелерінде таратылады. Жалпы саяси науқанға 33,4 млрд теңге бөлінеді. Ал алдағы аламанға қанша партия нақты қатысатыны әзірге белгісіз.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу