Жаңа отандық кинокомедия жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа отандық кинокомедия жарыққа шықты

19.01.2023

Алматыда жап-жаңа отандық кинокомедияның тұсаукесер көрсетілімі өтті. «Моя большая казахская семья: Операция «Бажухи» фильмі бүгіннен бастап Қазақстан кинотеатрларында көрерменге жол тартпақ. Фильмді «TigerFilms» продюсерлік компаниясы және Бақытжан Жүнісбеков түсірген.

Отандық фильм Манарбектің отбасындағы жағдайды суреттейді. Жанұядағы үлкен ұл - Бүркіт күтпеген жерден шытырман оқиғаға тап болады. Әкесінің үйін құмар ойынға кепілдікке тігіп, баспанасынан айырады. Қиын жағдайға тап болған азаматқа бажалары көмекке келеді. Төртеуі мүлікті қайтарудың тапқыр амалын ойлап тапса да, тағдыр оларға өзіндік тосын сый әзірлеп қойған.

Олжас Әлжанов, актер:
Кинода бажалардың әртүрлі оқиғаларда бір-біріне көмектесуі керек. Қазақ халқы бауырмашыл, бір-біріне көмектесіп жүреді деген ой бар. Сондай-ақ отбасылық құндылықтарды көрсетеді.

Басты рөлдерді Нұркен Иманқұлов, Александр Лим, Олжас Әлжанов, Дэниел Джеймс сынды талантты актерлер сомдайды. Ал режиссері - Дархан Сәркенов.

Дархан Сәркенов, фильмнің режиссері:
Былтыр түсірілген «Моя большая казахская семья» деген фильмнің жалғасы. Сценарий екі аптада жазылып, екі аптада түсірілген фильм. Көрерменді күлдіруге арналған жанрда.

Аталмыш туындыны жарыққа шығарған «Tiger Films» компаниясы 2021 жылы толықметражды фильм түсіруге және консультациялық қызмет көрсету мақсатында құрылған еді. Содан бері үлкен экрандарда 8 кинокартина көрсетілді. Бұл жылға да қазақстандық киносүйер қауымды ондаған жаңа фильм күтіп тұр. Оның алғашқысы осы «Бажалар» туралы еңбек болып отыр.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу