Астанада мүгедектерге арналған орталықта тәрбиешілер балаларды ұрып-соққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада мүгедектерге арналған орталықта тәрбиешілер балаларды ұрып-соққан

19.01.2023

Астанада мүгедектерге арналған орталықта тәрбиешілер балаларды ұрып-соққан. Ол аздай мүмкіндігі шектеулі сәбилерге тамақ бермей, көрпемен тұншықтырып, еденде ұйықтатқан. Оқиғаға қатысты полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Алайда, мекеме әлі жұмысын тоқтатқан жоқ.  

Соққының астында қалған баланың есімі – Әлімжан. Жасы 6-да. Туғанынан төсекке таңылған. Жүре алмайды. Сөйлемейді де. Ең ауыр диагноз қойылған. І топтағы мүгедек. Арнайы орталықта ем-дом алып, қолдау көруі тиіс еді. Бірақ, онсыз да тағдыры қиын балаларды тәрбиешілер одан сайын қорлап келген. Тамақты шайнамай жұтқызған, күнұзақ су бермеген, қалын көрпемен тұншықтырып, ұрып-соққан, еденде ұйықтатқан.

Жалғыз Әлімжан емес, орталықтағы өзге сәбилерге де қоқан-лоққы көрсетіліп келген. Бұл сұмдықты ата-аналар бейнебақылау арқылы анықтады. Соңғы кездері балалардың денесінен көгерген, соғылған белгілер жиі байқала бастапты.

Үміт, ата-ана:
Балам қорқақ болып кетті. Асылым деймін ғой. Қатты сөйлеп қалсам, жылап шыға келеді. Бұрын ондай болмаған. Аманат қып қызымды қолдарына тапсырып жүрдім. Бұл кісілерді жазаласын. Біз сияқты балалар өте көп.

Балаларды ұрып-соққан екі қызметкердің де құлағы естімейді екен. Тағы бір тәрбиешінің өз баласы да мүгедек.

Қаршыға Сәрсенбаева, мекеме меңгерушісі:
Былтырдан бастап балалары ерекше ата-аналарды да жұмысқа ала бастадық. Біз ойладық ондай ата-аналарды алсақ түсінеді, жаны ашиды деген ретте алдық та, бізге енді қазіргі таңда керісінше. Оларды еш жерде алмайды ғой жұмысқа, оларға да көмек көрсетіп жатырмыз.

Ал кейбір ата-аналар мекеме жабылып қала ма деп алаңдап отыр.

Айгүл Сағатова, ата-ана:
Құдай сақтасын, жауып тастаса біз не істейміз. Қайда барамыз? Мен өзім жұмыс істеймін. Балаға беріп жатқан пенсияға өмір сүре алмаймыз.

«Балам-ай» қоры бұрыннан жұмыс істейді. Елорда бойынша бірнеше филиалы бар. Басшылығы мұндағы былық-шылықты мойындап отыр. Оқиғадан соң балаларды ұрып-соққан қызметкерлер жұмыстан қуылған.

Әсел Жасанова, «Балам-ай» қоғамдық қорының төрағасы:
Бізді жазалаймыз десе дайынбыз. Жауапкершіліктен қашпаймыз. Өйткені, болған оқиғаны жоққа шығара алмаймыз. Екі қызметкерді де жұмыстан шығардық.

Оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалды. Қатыгез әрекеті үшін мекеме басшылығы мен қызметкерлер тиісті жазасын алады.

Эльмира Шәуленова, Астана қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Алматы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері ҚР ҚК 140-бабы мен қылмыстық іс қозғады. Іске қатысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша кінәлі адамдарға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес, шешім қабылданатын болады.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Бұл - мүгедек балаларды қолдау орталығы. Алайда атауы ғана сондай. Іс жүзінде қолдап емес, қорлап келген. Астанада сондай тағы 4 филиалы бар. Ондағы 200 баланың барлығы сондай соққының астына қалды ма деген күмән бар. Енді бұл былықтан кейін 5 орталықтың барлығы да жабылуы мүмкін.

Құзырлы органдар жағдайдан хабардар. Бас прокурор Берік Асылов бұл іс бойынша тергеуді өз бақылауына алғанын айтты. Ол «Елорданың инклюзивті балабақшасында болған оқиға қайталанбауы керек», - деп есептейді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу