Алматы облысында жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында арнайы жоба іске қосылды. Құзырлы органдардың мәліметінше, өңірде адам өлімімен аяқталатын жол-көлік апаттары көбейген.
Мәселен соңғы бір жылда оқыс оқиғалардан 300-ден аса адам қаза тапқан. Осыны ескерген облыс прокуратурасы мен Полиция департаменті сақтық шараларын күшейтпек.
Ерлан Игембердиев соңғы болған қайғылы жағдайдан есін әлі жия алмай жүр. Күре жолмен келе жатқан көлікте келе жатқан үлкен ұлы, жолдасы мен қызы апатқа ұшырайды. Салдарынан қарсы бағытқа шығып кеткен темір тұлпардың жүргізушісі, әйелі мен тұңғышы оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Қызының алты жерден жамбасы сынып, бірнеше отадан кейін беті бері қараған.
Ерлан Игембаев, Алматы облысының тұрғыны:
Мына жерде адамдар көп жиналып тұр екен. Ойладым жәй ДТП болған шығар деп келгем ғой. Сөйтсем, жолдасымды көрдім мына жерде қан болып жатқанын. Мына жақта ұлым жатыр. Жерге жатқызып қойыпты. Оның да денесінде сау жері жоқ.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әлі жүріп жатыр. Бұдан бөлек Ерлан Игембердиев жол-көлік апатынан екі бөлесі мен келінінен де айырылған. Айтуынша, күре жолда қайғылы жағдайлар күн сайын көбейіп барады.
Мәселен соңғы бір жылда Алматы облысында 1700-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 300 адам қаза тапқан. Олардың 30-ы - бала. 2400-ге жуық адам түрлі дене жарақатын алған.
Қуан Нұрақын, тілші:
Бұл 20-ға жуық көлік соқтығысқан оқиға дәл осы Алматы-Шелек бағытында болған. Салдарынан 5 адам зардап шегіп, түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Жүргізушілер күн аязда күре жолда жиі көктайғақ болып, қар уақытылы тазаланбайтынын айтып, жиі шағымданады.
Енді осындай олқылықтар үшін жаза күшейтілмек. Адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты «Қазавтожол» компаниясына тергеу басталды.
Нұржан Өстеміров, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы:
Лауазымды тұлғаларына қатысты адам өліміне әкеліп соққан республикалық маңызы бар автожолдарды жол қозғалысын мұздан тазаламау фактісі бойынша ҚК 353-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Облыстың құзырлы орган өкілдері апаттың көбеюіне байланысты кешенді жобаны іске қосты. Мақсат – жол-көлік оқиғаларын азайту. Енді тәртіп сақшылары қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қатаң қадағалап, арнайы рейд жүргізеді.
Қуан Нұрақын