Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді

18.01.2023

Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді. Осы бір заң жобасы, яғни жаңалық қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жатыр. Тіпті түрлі қалжың жазуға арналған тақырыпқа айналды. Ал депутаттар болса, қоғамдық орындарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де осы тиымды енгізіп, күшейту керек дейді. 

Өскемен қаласында 42 жастағы ер адам бейнебайланыс арқылы бұрынғы әйеліне қоңырау шалып, балағат сөздер айтқан. Жәбірленуші полицияға арыз түсірген соң, іс сотқа жетті.

Қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандар жазаланады деген заң бұрыннан бар. Өскемендік тұрғынның жауапқа тартылуы соның айғағы. Ал 6 наурыздан бастап сол заңға өзгеріс енеді. Басты өзгеріс бұрын айыппұл 17 250 теңге болса, енді 69 мың теңге болады.

Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы:

Қоғам түсінуі керек, ол қоғамдық тәртіпті бұзуы керек. Жұрттардың тыныштығын бұзуы керек. Бұл қалай, егер мен айқайлап боқтасам, сіздің тыныштығыңыз бұзылады. Егер сізді балағаттаса, ар намысыңызға тиіп ол кезде бұл бап қаралады.

Қоғамдық орындарда ғана емес, әлеуметтік желілерде балағат сөз айтатындарды жауапкершілікке тарту керек деп жатқандар да жетерлік. Солардың бірі Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса.

Мақпал Мыса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Былапыт, боғауыз сөйлесе, айыппұл салу дегенді бастап жатыр ғой. Толығымен қолдаймын. Ол тек қана қоғамдық орында болмау керек. Әлеуметтік желіде де сондай жауапкершілік артылу керек. Өйткені біздің өміріміздің көп бөлігі сол әлеуметтік желіде өтеді.

Бірақ, әзірге әлеуметтік желіде балағат сөз жазып, айтқандарды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік жоқ. Себебі заң бойынша, ол қоғамдық орында тәртіп бұзуы керек немесе нақты бір азамат арыздануы тиіс. Қорыта айтқанда, әзірге желілерде заң соты емес, мәдениет деген ар соты ғана бар.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу