Павлодарда мемлекет иелігіндегі қысқы спорт базаларына коммерциямен айналысуға тиым салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда мемлекет иелігіндегі қысқы спорт базаларына коммерциямен айналысуға тиым салынған

17.01.2023

Павлодарда жалға шаңғы беретін бірде-бір орын жоқ. Себебі мемлекет иелігіндегі қысқы спорт базаларына коммерциямен айналысуға тиым салынған. Ал жеке кәсіпкерлер, меншік шаңғы базалары болмағандықтан, бұл бизнесті дамытуға мүдделі емес. 

Павлодар қаласында екі бірдей шаңғы базасы бар. Бірақ адам аз. Кәсіби спортшылар ғана келеді. Валерий Пивторак сырғанақ жолы биыл сапасыз екендігін айтады. Себебі шаңғы табаны сирек тигендіктен сүрлеуді қар басып қалады.

Валерий Пивторак, қала тұрғыны:

Екінің бірі шаңғы сатып алмайды. Бағасы қымбат. Мен бала кезімде шаңғы тебуді армандадым. Бірақ бокс және күреспен айналысуға тура келді. Өйткені шаңғы жабдықтарын алуға жағдай көтермейді. Осы жерде былтыр жалға алуға болатын. Биыл міне бәрі жабық жатыр.

Шаңғы базалары бұрын мемлекеттік коммуналдық қазынашылық кәсіпорыны балансында болған. Биыл қала әкімшілігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне беріліпті. Іле жарғысы өзгертілген.

Еркін Мәкешев, шаңғы базасының меңгерушісі:

Негізі біздің мекеменің жарғысында ондай қызмет жалға беру көрсетілмеген. Өйткені, оған кассир керек. Шаңғыны беретін адам керек. Ондайлар жоқ.

Бар мамандарды қысқартып, мемлекеттік шаңғы базаларының қаржы табу мүмкіндігі шектелетіндігіне ешкім дер кезінде мән бермеген. Енді бұл Үкіметтің қаулысымен ғана шешіледі деп сан соғып отыр.

Ерлан Қалиев, Балалар мен жастар спорты орталығының басшысы:

Бізде 50-60 шаңғы бар. Бюджеттің ақшасына алынған. Біз оны халыққа бере алмаймыз. Берсек ертең құқық қорғау органдары келіп бізді тексеруі мүмкін. Енді біз әкімге айттық. Әкім енді ары қарай шешеді ендігі жылы деп ойлаймыз. Биыл шешілмейді енді ол сұрақ.

Ертіс жағасы қысқы спорт түрлерін дамытуға сұранып тұр. Сырғанақ та, конки тебетін табиғи мұз да бар. Биыл алғаш рет шаңғымен сырғанау қызығынан құр қалған тұрғындар әлеуметтік желіге шағымдарын жазып жатыр.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу