Түркістан облысында жылыжайды жылытуға көмір жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жылыжайды жылытуға көмір жоқ

17.01.2023

Түркістан облысының Сарыағаш және Қазығұрт ауданындағы шаруалар жылыжайды жылытуға көмір таппай отыр. Соның салдарынан кейбірінде көшетті де, піскен өнім де үсік шалған. Қатты отынның жоқтығынан диқандар көкөніс өсіруді кешіктіріп жатырмыз деп шырылдайды. Шаруалардың жанайқайын осы өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады. 

Айнұр Ақбаева, тілші:
Көмір болмаған соң, жылыжайларда да жағдай оңбай тұр. Мәселен мен тұрған жылылыжай пәлен гектарға қызанақ еккен. Алайда шаруа аязды күндері отын таппай, өнімін үсік шалды. Қазірдің өзінде ол 100 млн теңгеге шығынға батты.

Голландиялық қызанақтар жазға дейін өнім беруі керек болған. Алайда жылыжайдағы температура түсіп кетіп, еткен еңбек еш кетті. Қазір мұндағы жұмысшылар түйіндеген өнімді жаппай жинап әлек.

Мерей Терлікбаев, бас агроном:
Трубалардың бәрі қатып, бәрі жарылды. Қазір енді осы үсіген өсімдіктерді қайтадан тазалап алып, жинап, орнына басқа егін екпесек болды шығынға батып тұрмыз. Ал, кеткен шығынды кім өтейтіні белгісіз.

Қазығұрт ауданындағы Әбдірайым Әбдірахымовта да дәл осындай жағдай. Екі жылыжайы қарды көтере алмай құлап, аскөктері мен пияздары да үсік шалды.

Әбдірайым Әбдірахымов, шаруа:
Қазірдің өзінде 2 млн-ға шығынға батып отырмыз. Оның ішінде кленкасы бар, темірі бар. Көшет шығаратын жеріміз де құлап қалды.

Ал сарыағаштық шаруалар жаппай көмір іздеп, шарқ ұрып жүр. Қатты отынның бағасы қымбаттаса да, оны ақшаға таппай жүргендер бар. Ал диқандар үшін әр күн маңызды.

Бауыржан Әбілқасымов, шаруа:
Қазіргі таңда мен егу керекпін, еге алмай отырмын. Себебі, көмір жоқ. Мен 20 күндей кешігіп отырмын. Ал, егіп қойғандарға бір вагон беретін жерге бір камаз беріп, амалдаңдар деп отыр.

Аймаққа қажетті көлемде көмір жеткізу мәселесі жергілікті жерде шешілер емес. Себебі көмір Шұбаркөлден келмей жатыр. Өзекті проблеманы Парламентте Сенатор Әли Бектаев та көтерді.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Сарыағаш ауданының тұрғындары мен шаруаларын әлеуметтік көмірмен қамтамасыз етуді тез арада шешу керек. Бүгінгі таңда Сарыағаштың көмір базаларында халыққа қажетті көмір жоқ деп айтуға болады. Ал жылыжайлар өнімінің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлдіру мәселесі ушығып тұр.

Қазір шаруаларға тек ауа райының жылуын ғана күтуден басқа амал қалмай тұр. Себебі көшеттері өніп, егуге дайын тұр. Бірер күнде жерге отырғызбаса өсіп кетіп, тамыр алмай қалу қаупі жоғары.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу