Қостанай облысында 39 мектеп күрделі жөндеуге мұқтаж - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 39 мектеп күрделі жөндеуге мұқтаж

17.01.2023

Қостанай облысының Заречный кентінде 800-ден астам бала қабырғасы қақырап, іргетасы шөккен ғимаратта оқып жатыр. Яғни, мектеп күрделі жөндеуге мұқтаж. Электр желісі әбден тозғандықтан ақау шығып, жарық жиі сөнеді. Соның салдарынан тіпті жуырда өрт тұтана жаздаған. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бір қарағанда мектеп ішінен оғаш ештеңе байқалмайды. Жарық, жылы, барлық талапқа сай көрінеді. Бірақ анықтап қарасаңыз ғимараттың әбден тозғаны байқалады. Қабырғасында мынадай жарылған жерлер өте көп. Төбесінде аққан тамшының ізі бар.

Заречный ауылындағы бұл мектеп 1986-шы жылы бой көтерген. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. 400 адамға шақталған ғимаратта қазір шағын орталық пен даярлық сыныптарын қосқанда барлығы 862 бала бар. Екі ауысыммен оқиды. Ең қиыны - электр желісі әбден тозғандықтан жарық көбіне жыпылықтап тұрады немесе мүлде өшіп қалады.

Зәуреш Жанғожина мұғалім:

Бірінші кезекте біз электр құрылғылары үшін алаңдаймыз. Компьютер, басқа да қажетті дүниелер жанып кетуі мүмкін. Жуырда спортзалда сымның қысқа тұйықталуынан от шыға жаздады. Таңертеңгі, кешкі мезгілде жарық сөніп қалса қараңғыда сабақ өтуге тура келеді.

Кәріз құбыры да жиі жарылады. Қабырға мен төбені қанша жамап жасқағанымен көп ұзамай қайтадан жарық пайда болады. Себебі ғимарттың іргесіне су сіңіп, іргетасы шөгіп барады. Едені де қырық жамау. Ғимараттың сырт көрінісінің де сиқы қашқан.

Гүлжан Ердәулетова мектеп директоры:

Мектепке сараптама жасалды. Оның қортындысы бойынша ғимарат апатты жағдайда емес. 10 млн теңгеге күрделі жөндеу жасау үшін жобалық сметалық құжат дайындалды. Енді тек қаржыландыруды күтіп отырмыз.
Білім басқармасындағылардың айтуынша облыста осындай күрделі жөндеуге мұқтаж 39 мектеп бар. Биыл 2 млдр 300 млн теңгеге соның 13-і қайта жаңартылады. Ал Заречныйдағы мектеп жобалық сметалық құжаты кеш дайындалғандықтан 14-ші болып олардың қатарына енді қосылады.

Мейрамғали Таипов, облыстық білім басқармасының бас маманы:

Заречныйдағы мектептің жобалық сметалық құжаты бар, оң сараптамасы да. 289 млнға 2023 жылға күрделі жөндеу өтеді деп жоспарлаудамыз әкімнің тапсырмасы бойынша.

Сонымен қатар облыста төрт жаңа мектептің құрлысы жүріп жатыр. Ал өткен жылы 5 млдр теңгеден аса қаржыға 20 білім ошағы күрделі жөндеуден өткен.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу