Карта бетінен жойылған ауылдар қайта жандана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Карта бетінен жойылған ауылдар қайта жандана бастады

25.01.2014
Карта бетінен жойылған ауылдар қайта жандана бастады

Болашақсыз ауылдар болмауы үшін  ауыл шаруашылығын өркендету керек. Қостанай облысында мал өсіруге ден қойған азаматтардың арқасында карта бетінен жойылған ауылдар қайта жандана бастады. Бұл елді мекендердің өсіп-өркендеуі туралы айтуға әлі ерте. Әйтсе де, олардың екінші өміріне қажетті іргетастың қаланғаны анық.

 
Владимир Дуб - Ұзынкөл ауданындағы Чапаев ауылының байырғы тұрғыны. Күнкөрісі жаман емес, бау-бақша салады, мал ұстайды. Дегенмен, көктем шыға аудан орталығына көшуге бел буып отыр.
 
Владимир Дуб, Чапаев аулының тұрғыны:
Міне, менің үйім жаңа. Бірақ оның еш құны жоқ. Сондықтан, сатпаймын, күйеубалама тегін тастап кетемін. Егер жол қатынасы дұрыс болса, осында тұра берер едім.
 
Жол қатынасының қиындығы мен тұрақты жұмыстың жоқтығынан көшіп кетушілер көп. Осының кесірінен кезінде 240 балаға лайықтап салынған мектепте қазір 40 оқушы ғана қалған. Ғимараттың өзі күрделі жөндеуге мұқтаж. Ал ауызсуды тұрғындар 5 шақырым жердегі көлден тасып ішеді.
 
Тұрлыбек Байболов, Чапаев аулының тұрғыны:
Бір трехкубовка 1500-2000 теңге.
 
Қалыптасқан жағдай Чапаев аулының да келешегіне күмән туғыза бастаған. Жаңа жылмен ілесе жеткен жылы хабар үмітті қайта оятты.
 
Тұрлыбек Байболов, Чапаев аулының тұрғыны:
Ауылымыздың жағдайы жақсарады деп сенеміз.
 
Чапаев аулына ірі кәсіпорын келіп егін, мал және балық шаруашылығын дамытуды жоспарлап отырғанын аудан әкімі де растады. Тіпті карта бетінен жойылған елді мекендерде де өз кәсібін ашып жатқандар бар.
 
Төлеген Ташмағанбетов, Ұзынкөл ауданының әкімі:
Өгізбалық деген ауыл бар, жалғыз отбасы қалған. Соған Қостанайдан азаматтар келіп,  былтырдан бері мал шаруашылығын дамытып жатыр.
 
Жалпы ауданда 52 елді  мекен бар. Оның тоғызының тіршілік деңгейі жоғары саналады. Мемлекет қаржысы алдымен осыларды дамытуға жұмсалады. Бірақ, бұл өзгелері назардан тыс қалады деген сөз емес.
 
 Мысалы, Чапаев аулына ауызсу тартып, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Тек кезегін күтіп тұр.
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу