Ақтауда бәзбіреулер тұрғын үйдің 6-шы қабатынан орындық лақтырып, бір тұрғынды жарақаттады. Оқиға 11-ші шағын ауданда болған. Ауыр жиһаз сол жерден өтіп бара жатқан тұрғынның басына түскен. Қазір ол аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Оқиғаның мән-жайын осы өңірдегі тілшіміз анықтады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Оқиға тап осы жерде болды. Міне әлі сынған ағаштың жаңқалары жатыр. Зардап шеккен тұрғынның туысының сөзінше, жиһазды 6-шы қабаттан лақтырған. Ол сол кезде үйіне түскі асқа келе жатқан тұрғынның тап үстіне құлаған. Салдарынан 39 жастағы азаматтың мойын омыртқасы сынып кеткен.
Жерде сұлық жатқан адамды бірінші болып Кизил Авдулаева байқаған. Бірақ, осы үйдің 2-ші қабатында тұратын әйел жоғарыдан жиһазды кім лақтырғанын көрмеген. Айтуынша, басқа да куәгерлер жедел-жәрдем шақырып, көмек көрсеткен.
Кизил Авдулаева, қала тұрғыны:
Зардап шеккен жігіт ұлымның досы. Болған оқидан біз де есеңгіреп қалдық. Мен балам айтқасын далаға шықтым. Полиция келіп болмады. Жедел-жәрдем, полиция қызметкерлерінің келуін күттік.
Мойын омыртқасы сынып, жұлыны зақымданған ер адам қазір облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр.
Думан Мырзабеков, Облыстық нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
Негізгі жарақат жұлынға зақым келген. Түскен кезде неврологиялық дефекті қол аяғынды қимыл қозғалыс болған жоқ, сол себепті алдағы уақытта сал болып қалуы мүмкін.
Науқастың туыстары полицияға арыз жазып, кінәліні жауапқа тартуды талап етті. Соған байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталған.
Аман Ақын, зардап шегушінің ағасы:
Ас үй жиһазының 6-шы қабаттағы 89-шы пәтерге тиісілі екені анықталды. Бірақ үй иелері жиһазды бұдан 2 жыл бұрын есік алдына шығарып тастағанбыз деп отыр. Оны кім лақтырғаны белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, сол кезде жоғары қабаттарда 12-15 жастағы жеткіншектер жүріпті.
Ақтау қаласында бұған дейін де осыған ұқсас 2 оқиға болған. Біріншісінде жоғары қабаттан лақтырылған есік әйел адамның басына түсіп, ол мерт болды. Ал 3 жыл бұрын жоғарыдан тастай салған телевизор жеткіншектің өмірін қиды.
Аягөз Оралбайқызы