Нұрсұлтан Назарбаев осы апта «Құрметті сенатор» деген атағынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев осы апта «Құрметті сенатор» деген атағынан айырылды

15.01.2023

Биыл Мәжіліс құрамы да жаңаруы тиіс. Төменгі палата мерзімінен бұрын осы қаңтар айында таратылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістің Заңнама және сот- құқықтық реформа жөніндегі Комитет басшысы Арман Қожахметов мәлімдеді. Президент былтыр Қазақстан халқына жолдауында 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарын сайлау өтетінін жариялаған еді. «Сайлау туралы» заңға сәйкес кезектен тыс сайлау өту үшін алдымен депутаттар өкілетін тоқтатуы тиіс. Сайлау содан кейін екі ай ішінде ұйымдастырылады. Осы жетінші шақырылым депутаттары 2021 жылы сайланған еді, яғни, екі-ақ жыл болды. Ал заңға сәйкес, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі - 5 жыл.

2021 жылғы Мәжіліс депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша 5 партияның 3-і ғана 7 проценттік межеден өте алған еді. «Nur Otan», қазіргі «Аманат» партиясы – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы –12 мандат, Қазақстан Халық партиясы - 10 мандатқа ие болған. Алдыңғы шақырылымдарда да тек осы үш ұйым болған.

Яғни, пропорционалды жүйе көппартиялы Парламент құруға мүмкіндік бермей тұр. Бұл жүйені Президент те сынға алған еді. Сондықтан Конституциялық реформа негізінде аралас жүйе енгізіліп отыр. Пропорционалды-мажоритарлық модель партияға қосылғысы келмейтін жеке тұлғалардың да Парламентке өтуіне жол ашады. Кейбір партияларға дауыс бергісі келмейтін сайлаушылардың да таңдауын кеңейтеді.

Жетінші шақырылым тарқамай тұрып, Парламенттің қос палатасы осы апта Елбасы туралы заңның күшін жою туралы заң жобасын мақұлдады. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты тек Экс-Президент мәртебесі қалып отыр. «Тұңғыш Президент туралы» заң 2000 жылы қабылданған еді. Ал 2007 жылы бұл мәртебе Конституцияда бекітілсе, 2010 жылы «Ұлт көшбасшысы» сөз тіркесі «Елбасы» деп өзгертілді. Енді «Тұңғыш Президент туралы» және «ҚР Президенті туралы» заңдарды салыстырып көрсек. Айырмашылық неде?

«Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы заңға сәйкес халыққа үндеу жасау, заңнамалық бастамалар, Парламенттің екі палатасында сөз сөйлеу сияқты құзырет қарастырылған. Конституциялық кеңестің құрамына кіреді. Толық иммунитет пен кеңсе, мемлекеттік күзет, қызметтік пәтер мен саяжаймен өмір бойы қамтамасыз етілуі тиіс. Ал Экс-Президенттерде Парламенттің отырыстарына, салтанатты және мемлекеттік шараларға қатысу құқығы бар. Қажеттіліктері мен күзеті мемлекет есебінен қаржыландырылады. Пәтер мен саяжай Экс-Президенттерге де қарастырылған.

Демек, басты өзгеріс Тұңғыш Президенттің өзіне емес, отбасы мүшелеріне байланысты болғалы тұр. Өйткені «Елбасы туралы» конституциялық заң оларға кепілдік беретін. Ал мына заң жобасына Президент қол қойса, Нұрсұлтан Назарбаев отбасының шоттарына, мүлкіне деген кепілдіктер де күшін жояды.

Нұрсұлтан Назарбаев осы апта «Құрметті сенатор» деген атағынан да айырылды. Осыдан екі-үш апта бұрын Сенат регламентіне тиісті өзгерістер енгізілді. Біз регламенттен құрметті сенатор атағын алып тастадық. Бізде қазір ондай институт жоқ. Бұл шешімді қабылдауымыздың себебі, біздің барлық халық референдумда дауыс берді. Тұңғыш Президент туралы жарлық Конституциядан алынып тасталды. Бұл - халықтың шешімі, - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Бұл атақ Нұрсұлтан Назарбаевқа 3 жыл бұрын, яғни отставкаға кеткен кезде берілген еді. Сенат спикері бұл норма қайта қаралып, алып тасталғандықтан, енді ешкім «Құрметті сенатор» атана алмайтынын айтты.


Хабарламаларға жазылу