Сенбі күні Сенат депутаттарын сайлау өтті. Орталық сайлау комиссиясы алдын-ала нәтижесін жариялады. Саяси науқанға кандидат ретінде 55 адам тіркелген еді. Ең көп үміткер Алматы облысынан ұсынылған. Астана мен Шымкентте үш-үштен, ал қалған өңірлерде 2 кандидаттан тіркелді. Дауыс беруге 3167 мәслихат депутаты қатысты. 20 өңір бір-бірден сенатқа лайық депутат таңдады. Сегізінші шақырылымда 4 депутат қайта сайланды. Ол: Алматы, Жетісу, Ұлытау облысы мен Шымкент қаласынан сайланған депутаттар. Сондай-ақ, жаңа құрамда үш әйел бар. Орталық сайлау комиссиясы саяси науқанды онлайн сервис арқылы бақылады. Мысалы Астанадағы аумақтық сайлауда қала мәслихатының 31 депутатынан 29-ы қатысты. Олар Сенат депутаты атанатын 2 адамды таңдады. Бір кандидат Сенат депутаттығына, екінші кандидат мерзімінен бұрын мандатын тоқтатқан депутаттың орнына сайланды.
Бақыт Бектемісова, Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
Азбаев Бағдат Оразалдыұлы - 6 дауыс, ол 20,7 пайыз. Жексенбай Бибігүл Нұрғалиқызы 18 дауыс. Ол құрайды бізде 62, 1 пайыз. Мұхамбеталина Наримаш Абылқызы - 4 дауыс. 13,8 пайыз. Бәріне қарсымын деген бюллетен саны - біреу. Жарамсыз деп танылған бюллетен саны - нөл. Жойылған бюллетендердің саны - үшеу.
Бұл сайлаудың тек алдын ала қорытындысы. Нақты нәтижені орталық сайлау комиссиясы алдағы күндері жариялайды.
Ләззат Разбекова, Астана қалалық мәслихатының депутаты:
Кандидаттардың жасына емес кәсіби біліктілігіне, адами болмысына қарау керек деп ойлаймын. Тіпті, оның ер азамат немесе әйел екеніне де қарау маңызды емес. Ең бастысы - оның кәсібиі деңгейі, оның халыққа көрсетіп отырған пайдасы. Адами болмысы, тұлғалық болмысы өте маңызды.