Ресей армиясы Украинаның Донецк облысындағы Соледар қаласын басып алды. Мұны Ресей қорғаныс министрлігі осыдан бірнеше сағат бұрын жариялады. Оның мәлімдеуінше, енді Бахмут қаласындағы украин сарбаздарына құрал-жабдық жеткізу жолы кесіледі. Алайда, ресми Киев бұл хабарды растамай, Соледар үшін шайқастың жалғасып жатқанын ескертіп, Мәскеуді «ақпараттық шу» көтерді деп айыптады.
Бірқатар сарапшылардың ойынша, Соледар шағын ғана елдімекен болғандықтан, Ресей әскері үшін оның айтарлықтай маңызы жоқ. Алайда, Мәскеуге қазір мардымсыз болса да әйтеуір бір жеңісті жариялау қажет болып тұр. Өйткені, ресейліктер жаздың соңынан бері Украинада қайта-қайта жеңіліске ұшырап, ақпанның 24-нен бері басып алған территориялардың 40 пайыздайынан айрылып қалды.
Айта кетсек, түнгі үндеуінде президент Владимир Зеленский Соледар мен Бахмутты Донецк облысын қорғау жолындағы басты мәселе деп атаған еді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Мен қолбасшылар штабымен кездесу өткіздім. Әрине, негізгі мәселе - Соледар, Бахмут, жалпы Донецк бағыты үшін күрес. Біз қажетті шешімдерді, әскерімізді күшейтуді және командирлердің алдағы күндерде жасайтын қадамдарын егжей-тегжейлі талдадық. Сонымен қатар, жауынгерлерімізді қару-жарақпен, оқ-дәрімен қамтамасыз ету тетіктерін, серіктестерімізбен тиісті ынтымақтастық жайттарын да қарастырдық.
Арыстан Рысбек