Әлихан Смайылов: Жаңа индустриялық жобаларды іске асыру маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлихан Смайылов: Жаңа индустриялық жобаларды іске асыру маңызды

13.01.2023

Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. Үкімет басшысы тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым және өнеркәсіпті дамыту барысымен танысып, Қонаев қаласындағы «Жылу орталығының» жұмысын тексерді.

Өңірге сапары аясында Үкімет басшысы алдымен ұзындығы 66 шақырым болатын үлкен Алматы айналма автокөлік жолының жұмыс барысымен танысты. Қазір негізгі шаруалар аяқталып, барлық көпір мен жолайырық салынды. Жолды абаттандыру және ақысын төлеу жүйесін іске қосу жұмыстары жалғасуда.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан өте маңызды, алғашқы инвестициялық жобалардың бірі. Ол өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырады. Әкімдік үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейінгі қосымша жол торабын тез аяқтауы керек. Үкімет өз тарапынан қажетті көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Қонаев қаласындағы 2020 жылы газға ауыстырылған жылумен жабдықтау кәсіпорнын аралады. Орталық 30 мыңға жуық абонентті, бюджеттік ұйымдарды және басқа да нысандарды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Әлихан Смайылов кәсіпорын энергия тиімділігін арттырып, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Қонаев қаласына облыс орталығы мәртебесін беру оның дамуына айтарлықтай серпін беріп, қалаға көшіп келуші халықтың санын көбейтті. Соған сәйкес өңірде жылу энергиясын тұтынуға сұраныстың өсуін ескере отырып, әкімдік жылу көздерінің қуатын арттыру мәселелерін пысықтауы қажет.

Үкімет басшысы облыстағы бірқатар мәселелерді де талқылады. Соның ішінде өңірдегі мектептің жетіспеушілігі әлі де өзекті. Әлихан Смайылов әкімдікке дереу оқу-ағарту министрлігіне ұсыныс жолдауды тапсырды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Алматы облысы бойынша 52 мектепте балалар үш ауысымда оқып жатыр. 63 мектеп салынады. Тағы да қосымша 9 мектепті бітіру керек. Және тағы 9 мектепке барлығы 20 млрд теңге қосымша ақша керек деп айтып өттіңіз. Бізде сыбайлас жемқорлыққа байланысты қор Қаржы министрлігінде. Бюджеттен тыс қорымыз бар. Оған қазірдің өзінде 120 млрд теңге түсті.

Сондай-ақ Премьер-министр Gate City серіктес қаласындағы 70 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Нысанның жалпы аумағы 290 мың шаршы метрден асады. Жұмыстарды 2024 жылдың соңына қарай аяқтау жоспарланған. Жұмыс сапары аясында Әлихан Смайылов жеке инвесторлардың есебінен салынған бірнеше кәсіпорынға соқты. Үкімет басшысы мұндай жобаларды қолдау мемлекеттің сенімді көрсеткіші екенін айтты. Сондықтан, облыс әкімдігі жаңа индустриялық жобаларды іске қосу үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыруы тиіс.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу