Парламент мақұлдады: Нұрсұлтан Назарбаевта енді Елбасы деген статус болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парламент мақұлдады: Нұрсұлтан Назарбаевта енді Елбасы деген статус болмайды

13.01.2023

Нұрсұлтан Назарбаевта енді Елбасы деген статус болмайды. Бүгін Парламенттің қос палатасы заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Бұл нені білдіреді? Тұңғыш Президентке қатысты қандай кепілдік сақталады, қандай нормалар күшін жоймақ? 

Нұрсұлтан Назарбаевтың ендігі мәртебесі - Экс-Президент. Елбасы деген статус жойылады. Қоғам талап етіп, біршама уақыт талқыға түскен мәселеге осылайша нүкте қойылды. Бірақ, бұл Экс-Президенттің құқы қорғалмайды дегенді білдірмейді.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
Экс-Президенттің өзінің жеке қол сұғылмаушылығы туралы, оның ар-ожданы, мәртебесіне қол сұғуға болмайды. Қол сұғу заңмен қудаланады.

Бұл норма тек Экс-Президентке ғана қатысты. Ал отбасы мен туған-туыстары бұдан былай арнайы иммунитетпен қорғалмайды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Заңмен көрсетілген шеңберде барлық Экс-Президентке тән қасиеттерге, нормаларға басқасына ие болады. Қалғанының барлығында сіз бен біз сияқты өмір сүретін болады.

Заң күшіне енсе, Тұңғыш Президенттің және оның отбасының шоттарына, мүлкіне деген кепілдіктер де күшін жояды.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы кезге дейін байқасаңыз тергеуге, үйіне кіруге, шоттарын тексеруге, басқасы болмайды деген заңдық нормалар болды. Енді кез-келген салық инспекторы тексере алады.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Экс-Президент егер Отанына опасыздық жасады деген айып болатын болса онда ол тартылады. Егер ондай айып тағылмайтын болса, жауапкершілікке тартылмайды.

«Елбасы туралы» заңның күші деген – қоғамға ұғынықты болу үшін айтылған түсінік. Себебі Тұңғыш Президенттің өкілеттіліктері мен мәртебесі туралы нормалар бірнеше заңда бар. Алдағы уақытта сондай 20 заңға өзгеріс енуі мүмкін.

Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
Кем дегенде 20 заң анықталды. Сондай нормалар көзделген. Соларды талдау, сараптау бұл кешенді жұмыс. Мәдени, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру сияқты заңдарда сондай нормалар бар және соларды заңнамадан алып тастау керек.

Сонымен заң жобасын Сенат пен Мәжіліс депутаттары бірауыздан қолдады. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданды. Егер Президент қол қойса онда Тұңғыш Президенттің отбасы мүшелеріне артықшылық беретін барлық ережелер жойылады.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу