Маңғыстауда 11 мыңнан астам қаңғыбас иттің көзі жойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстауда 11 мыңнан астам қаңғыбас иттің көзі жойылды

11.01.2023

Маңғыстауда былтыр 11 мыңнан астам қаңғыбас иттің көзі жойылды. Бірақ тұрғындардан түскен арыз-шағым одан да көп. Алайда мамандар ең қауіпті деген төрт аяқтыларды ғана аулаған. Себебі, бұралқы иттерді бұрынғыша өлтіруге тыйым салынған. Соның кесірінен қазір аш, қаңғыбас иттер көбейіп, жұрттың зәресін ұшырып отыр. Аягөз Оралбайқызы мәселеге үңіліп көрді.

Мұнайлы ауданының тұрғыны Саламат Қайыпов осыдан 2 апта бұрын итке таланып, абырой болғанда аман қалды. Өз үйінің ауласында бас салған қаңғыбас иттен әзер құтылдым, дейді.

Саламат Қайыпов, Мұнайлы ауылының тұрғыны:

Мына сол қолыма асылып, осы қолымды тістеп алды. Сол тістегеннен жібермеді. Қан әлі тоқтамай тұр. 

Қаңғыбас иттер Ақтауда да өріп жүр. Әсіресе, 11 мен 26-шы шағын ауданда көп. Тұрғындардың сөзінше, аш иттер қоқысты торуылдайды. Онысымен қоймай, жанынан өткен адамдарға жүгіріп, үрей туғызады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ит-жеті қазынаның бірі. Оған қоса, күзетші, адамға дос дейміз. Алайда бүгінде керісінше, иттен зардап шеккендерді жиі естіп жүрміз. Қорқынышты. Ақтауда да әсіресе, таңда және түнде көшеде жүру қауіпті. Себебі, азық іздеген аш иттер талап кетуі мүмкін.

Жанурларды қорғаушы Ирина Болатованың пікірінше, көшеде қаңғыбас иттердің көбеюіне тұрғындар кінәлі. Себебі, олар ит, мысықты асырып алып, кейін бақпай, қаңғытып жібереді немесе жоғалтып алады. Мәселені шетелдің тәжірибеге сүйене отырып шешуге болады, дейді ол.

Алайда облыста қараусыз қалған иттерге арналған бірде-бір арнайы орын жоқ. Аудан-қалаларда жер бөлу, жоба жасау жұмысы енді ғана басталған.

Бердібек Марқабаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Осы жылы салынып бітуі керек барлығы да, осы жылы ақшасы қаралуы керек. Оны ұстауды, оны тіркеудің иттерді тіркеу, дәрілеу, вакцинация жасау, сонымен қатар кастрация, стерилизация жасау жұмыстарымен айналысуымыз керек. Оның барлығына қаражат қарастырылады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021-жылы Маңғыстау облысында 1400-ге жуық адамды ит қапқан. Зардап шеккендердің көбі 14 жасқа дейінгі балалар. Ал былтыр тұрғындардан қаңғыбас иттерге қатысты 11 мыңнан астам шағым түскен.


Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу