Брюссельде Исламның Еуропадағы тарихын сипаттайтын көрме ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Брюссельде Исламның Еуропадағы тарихын сипаттайтын көрме ашылды

11.01.2023

«Ислам-бұл біздің де тарихымыз». Бельгия астанасы Брюссельде осындай атпен көлемді көрме ашылды. Көрме-ислам дінінің Еуропада алғаш таралуынан бүгінге дейінгі тарихынан сыр шертеді. Қарт құрлықтың қарқынды дамуына мұсылман өркениетінің қосқан үлесі де мәдени шарада айтылды.

«Ислам-бейбітшілік, тыныштық, амандық»-деген мағынаны білдіреді. Көрме залының табалдырығын аттаған адамның еститін алғашқы сөзі осы. Сонан соң келушінің көзі қабырғадағы сансыз кітапқа, алып кітапханаға түседі.

Бірнеше тілге аударылған Құран кәрім, медицина, философия, астрономияда мұсылман ғалымдары ашқан тың жаңалықтар. Еуропаға ілім-білім VIII ғасырда Ислам дінінің арқасында жеткенін дәлелдейтін деректер толып тұр.

Франк Седерик, көрмені ұйымдастырушы:

Біз осы көрмені ұйымдастыру арқылы Еуропаның тарихы тек христиан дінімен ғана байланысты деген дақпыртты сейілткіміз келді. Расында Ислам діні, мұсылмандар XIV ғасырға жуық Еуропа мәдениетінің ажырамас бөлігі болып, сол мәдениеттің, өркениеттің, ғылымның дамуына қомақты үлес қосты.

Әшекей бұйымдардың, әтірдің түр-түрін көргендер исламның өркениет өзегі екеніне де көз жеткізді. Залдың бір бөлігі қарт құрлықты Осман империясы жаулаған кезеңді суреттейді. XIV ғасырдан бері сақталған мына фарфор ыдыстар мұсылмандардың қонақты ерекше талғаммен күткенін паш етеді.

Люми Ноель, Брюссель қаласының тұрғыны:

Мұсылмандардың діні-таза дін деп есептеймін өзім. Лаңкестік топтардың өкілдері осы діннің атын жамылып, қитұрқы әрекеттерін жүзеге асырып жатыр. Исламда жауыздыққа жол жоқ. Осыны түсінуіміз керек.

Көрменің үшінші бөлігі Франция мен Ұлыбританияның бодандығынан құтылған ислам елдерінің тарихына арналған. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде қирап қалған Еуропаны қайта қалпына келтірген де сол мұсылман мемлекеттерінің еңбек мигранттары. «Еуропалықтар босқындардың сол жақсылығын тез ұмытып кетті»,-дейді соғысты көрген аға буын өкілдері.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Биресми дерек бойынша, бүгінде Еуропада 20 миллионнан астам мұсылман бар. Сарапшылар 2030 жылға қарай қарт құрлық халқының 9 пайызын Ислам дінін ұстанушылар құрайды деп болжайды. Дінаралық өшпенділікті жойып, өркениеттер қақтығысына жол бермес үшін Исламның кіршіксіз таза дін екенін көпшілікке кеңінен насихаттау керек,-дейді Брюссельдегі көрмені ұйымдастырушылар.



Хабарламаларға жазылу