Қарағандыда көпқабатты үйдегі өрттен 3 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда көпқабатты үйдегі өрттен 3 адам қаза тапты

11.01.2023

Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт болып, үш адам қаза тапты. Қызыл жалын әп-сәтте 30 шаршы метр аумақты шарпыған. Қою қара түтіннен тұрғындар өміріне қауіп төнгендіктен, 130 адам түгел эвакуацияланды. Оқиға орнында біздің түсіру тобы да болып қайтты.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Оқыс оқиға мына 127 пәтерлі 16 қабатты үйде болған. Кешкі сағат 21:30 шамасында жұрт қаннен-қаперсіз кешкі асын ішіп жатқан уақытта 8-қабаттағы пәтерлердің бірінен өрт шыққан. Қою қара түтін тез тарағандықтан тұрғындарды түгел эвакуациялауға тура келген. Мұдағы 127 отбасы уақытша жатақханаға, қонақ үйлерге және туыстарына орналастырылды.

Өрт сөндірушілер тілсіз жау шыққан пәтерге енген бетте үш адамның мәйітін тапқан. Оның 2-уі ер адам, енді бірі әйел адам. Сондай-ақ осы 8-қабаттағы пәтердің терезесінен 1979 жылғы ер адам далаға секірген. Ол түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды. Бұдан тыс 48 адам құтқару қалпақтарының көмегімен сыртқа шығарылған. Тағы 82 тұрғын сыртқа эвакуацияланған. Соның 21-і балалар.

Асанбек Көлжасов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Балконға шығып қарасам, бір түтін бар. Дәлізге шықсам, онда да түтін бар. Көршілер шығып қарап жатты. Бірден түсіндім бір жерде өрт шыққанын. Адамдар түгел астыға түсіп жатты.

Бастапқыда газ жарылуы мүмкін деген болжам жасалған болатын. Алайда мамандар пәтер ішінде ешқандай газ құрылғылары болмағанын айтып отыр. Қираған қабырғалар да жоқ. Осыған байланысты өрттің шығу себебі анықталуда.

Мұрат Қатпанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

Газ баллоны қолданылып, себебі содан болды ма деген сондай мәлімет алғанбыз. Бірақ ол анықталған жоқ. Өйткені біздің өрт сөндірушілер орнында болған кезде газ жабдықтары табылған жоқ ешқандай. Сондықтан қазір біздің зертханамыз барлығын анықтап, көреді. Мүмкін жанар-жағармай төгілді ме..
Тұрғын үйде өртке байланысты жарық уақытша сөндірілді. Тілсіз жауды сөндіру кезінде бірнеше пәтердің төбесінен су ағып кетті. Тұрғындар алдымен жылы вахталық көліктерде отырып, кейін қонақ үйлер мен жатақханаларға орналастырылды. Кейбірі ерікті түрде туыстарының үйіне барды.

Мейрам Кожухов, Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

Үй қазір толығымен электр жарығынсыз. Ал жылудан ажыратылған жоқ. Жылу құбырларына ешқандай зақым келмеген. Сарапшылар тобы үйдің қауіпсіз екенін толықтай тексеріп, содан кейін тұрғындар үйлеріне қайтатын болады. Өрт шыққан пәтердің астындағы 7 пәтерге отты сөндіру жұмыстары кезінде су аққан. Өзге ешқандай зақым келмеген.

Әзірге оқиғаның себеп-салдарын зертхана мамандары тексеріп жатыр. Денсаулығы жақсарған соң басты куәгер ретінде өрт шыққан пәтердің терезесінен секірген азаматтан да жауап алынады.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу