Ақтөбелік өнерлі отбасыға 96 елден шақырту түскен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік өнерлі отбасыға 96 елден шақырту түскен

10.01.2023

Ақтөбелік отбасыға әлемнің 100-ге жуық елінен шақырту түскен. Өздерінің 3 перзентінен бөлек, 18 бала асырап, бағып отырған Жетесовтерді жұртшылық «өнерлі отбасы» деп таниды. Отбасылық «Шашу» ансамблі қазірдің өзінде үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. 

Темірхан Жетесов отбасындағы кенже ұлдардың бірі. Соңғы бір-екі жылдықта жыршылық өнерге қызығып, кәсіби ұстаздардан тәлім алып жүр. Жуырда ғана өзінің жеке онлайн-концертін де өткізді. Болашақта елге танымал жыршы болғысы келеді.

Темірхан Жетесов, жас жыршы:

Өзім әкем жыр айтып отырғанда қасына барып, қарайтынмын. Сосын әкем айтатын, жырға беремін деп. Содан бастап қызықтым. Едіге жырын алып жатырмын. Оған дейін Наурызбектің, Әбубәкір Кердерінің жырларын алдым.
Бұл үйдің әр баласы музыкалық аспапта ойнайды. Отбасылық ансамбль еліміздің бірнеше аймағында, тіпті Астанаға келген Рим папасының алдында өнер көрсеткен. Содан кейін жан-жақтан шақыртулар көбейіпті. Өмірхан Жетесовтің айтуынша, музыкалық аспаптардың бағасы жоғары.

Өмірхан Жетесов, «Шашу» халықтық ансамблінің жетекшісі:

Миллиондаған ақшалар кетті. Машинамды сатып жіберіп те, 2 баян, 2 домбыра алып берген уақыттарымыз бар осы балаларға. Балалар дұрыс аспап ұстаса екен деп. Неге десең, ансамбль болғандықтан, аспабы дұрыс болу керек.

Қазір бұл үйдің 8 баласы музыкалық колледжде, екеуі жоғарғы оқу орнында білім алып жүр. Тағы жетеуі мектепте оқиды. Олар да әр түрлі үйірмеге қатысады. Алтауы аяқтанып, өз алдарына шаңырақ көтеріп үлгерді. Амангүл мен Өмірхан олардан 8 немере сүйіп отыр.

Амангүл Ешпанова,  «Шашу» халықтық ансамблінің мүшесі:

Күйеуге шыққандары бар, үйленгендері бар, оларға да жасы елуге келсе де, балаға ананың берген ақылы, әкенің берген ақылы артық болмайды. Сондықтан оларды да түзеп, көмектесіп отырамыз. Ойын-тойға, той-томалаққа, өзіміздің ағайын-тумаға араласуға кейде уақыт табылмай қалады.

Амангүл мен Өмірхан ешкімнен көмек күткен емес. Өйткені бұл балаларды өзіміз үшін бағып отырмыз дейді. Дегенмен қол ұшын созамын деген қайырымды жандардың бетін қақпайды.

Бұған дейін облыс әкімдігі «зәулім үй салып береміз» дегенде де қуанғандары рас. Өкініштісі ол уәде орындалмай қалды. Өнерлі отбасыға қазір әлемнің 96 елінен шақырту түсіп жатыр. Алайда 21 балаға төлқұжат дайындау үшін 600 мың теңгеден аса қаржы керек. Қазір тек осы мәселе қолбайлау болып отыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу