Шымкентте қар құрсауынан көлік қозғалысы қиындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте қар құрсауынан көлік қозғалысы қиындады

10.01.2023

Шымкент қаласында бір тәуліктен астам уақыт тоқтаусыз жауып тұрған қар қаланың тыныс-тіршілігін баяулатып тастады. Шаһар көшелерінде көлік қозғалысы қиындап, мектептерде төменгі сынып оқушыларының сабағы екі күнге тоқтады. 

Ғани Қалмаханов, тілші:
Шымкентте қардың басталғанына тәуліктен асып барады. Содан бері тоқтаусыз жауып тұрғандықтан жолдарды аршып-тазалаудың өзі қиынға соғуда. Ақ ұлпаның қалыңдығы қазірдің өзінде тізеге жетіп қалды.

Көлігі көп, көшесі ойлы қырлы Шымкенттің жолдары қазір қар құрсанып тұр. Көліктерді былай қойғанда жаяу жүргіншілердің өзі көшеде әзер жүр. Адымын аша алмай кібіртіктеген автокөліктердің біразы өрге шыға алмай жолдан шығып кеткен. Полиция департаментінің мәліметінше 30-ға жуық жол-көлік оқиғасы болған.

Қолайсыз ауа райына байланысты мегаполистегі мектептерде сабақ екі күнге тоқтады. Бүгіннен бастап 1 және 8 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан білім алып жатыр.

Жанат Тәжиева, қалалық Білім басқармасының басшысы:
Мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары өздерінің жұмысын кәдімгі оффлайын форматта жалғастыратын болады. Себебі ата-аналары балаларды алып келеді, олардың қауіпсіздігі қолға алынған.

Қала аумағына қарасты 5 ауданның аумағында кешеден бері қардан тазалау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Оған 300-ге жуық техника, коммуналдық қызмет саласының 1 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

Ерғали Білісбеков, қала әкімінің орынбасары:
Осы ауа райына байланысты басқа мердігерлерді шақырып 190 техниканы қосымша жұмысқа салдық. Қазір кештен бастап, арғыкүні тазалап бітеміз.

Синоптиктердің болжауында күн райы бүгін түнде -5 әрі қарай 25 градусқа дейін суытпақ. Ал күндіз 10 градустың үстінде аяз болады. Мегаполисте мұндай күн райы осы аптаның аяғына дейін жалғаспақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу