Ресей Қорғаныс министрлігінің «Краматорскте 600-ден астам украин жауынгері жойылды» деген ақпараты расталмады. Ал Рим Папасы бұл қарулы қақтығысты Құдайға қарсы қылмыс деп атады. Майдан даласындағы жағдайға келсек, қазір ең ауыр шайқас Донецк облысының екі қаласы үшін жүріп жатыр.
Мына кадрлар бүгін Харьков облысының Шевченково ауылында түсірілді. Ресейлік зымыран базарға түскенде, 60 жастағы әйел қаза тауып, тағы 4 тұрғын жараланды. Ал жексенбі күні Ресей армиясы Краматорск қаласында Украинаның 600-ден астам жауынгерін мерт қылғанын хабарлап еді. Бұл мәліметке Киев те, оқиға орнына әдейі барған «Рейтер» агенттігі мен «Си-эн-эн» телекомпаниясының журналистері де ешқандай дәлел таппады. Бұған қоса жергілікті тұрғындар да жарылысты ғана растап, бірде-бір ғимараттың жермен-жексен болмағанын айтып отыр.
Михаил, Краматорск тұрғыны:
Жарылыс болды, сосын тағы да жарылыс болды. Терезелер дірілдеп кетті. Шынтуайтында, сізге айтатын ештеңе жоқ. Үйреншікті жағдай ғой.
Алайда Кремль бүгін мәлімдеме жасап, Ресей қорғаныс министрлігі берген ақпаратқа сенетінін атап өтті. Американың соғысты зерттеу институты болса, осы министрліктің Краматорсктегі оқиғаға байланысты жалған дерек таратқаны үшін қазір үлкен сынға ұшырап отырғанын хабарлады.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен тәулікте Ресей мен Украина тұтқын алмасып, бір-біріне 50 адамнан қайтарды. Рим Папасы Франциск болса, Ватиканда жылдағы дәстүр бойынша «Әлемдегі ахуалға» тоқталып, Украинадағы қарулы қақтығысты Құдайға қарсы қылмыс деп атады.
Франциск, Рим Папасы:
Бүгінде жаһанданған әлемде үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр, Қақтығыстар планетаның белгілі бір аймақтарын ғана қамтығанымен, іс жүзінде талайларға зардап әкелді. Ең соңғы мысал, әрине, Украинадағы жағдай. Онда тұрғындар азаматтық инфрақұрылымдарға жасалған шабуылдар мен атыстан, зорлық-зомбылық әрекеттерінен ғана емес, аштық пен қақаған аяздан да жапа шегіп жатыр. Қалаларды тұтастай халқымен бірге жою - Құдайға және адамзатқа қарсы жасалып қылмыс.
Донбасстағы жағдайға келсек, бүгінде ең ауыр шайқас Донецк облысындағы Бахмут және Соледар қалалары үшін жүріп жатыр. Президент Владимир Зеленский мәлімдегендей, Украина бұл елді мекендерді қорғауға қосымша күш аттандырды. Және де Киев ресейліктердің Соледарда Украина армиясының майдан шебін бұзды деген ақпаратты жоққа шығарып, қаланы әлі ұстап тұрғанын хабарлады.
Арыстан Рысбек