Шығыс Қазақстандағы жол саласының мамандары күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Себебі аймақта соңғы бірнеше күннен бері қар жауып, қатты боран соғып тұр. Кешеден бері «Қазгидромет» орталығының ескертуіне қарамай жолға шығып кетіп, қар құрсауында қалған 20-ға жуық жолаушы құтқарылды. Аймақтағы автокөлік жолдарындағы қазір қалыптасқан жағдайды тілшіміз Олжас Керейхан көріп келді.
Алексей Топоров соңғы 4 күннен бері «Өскемен-Риддер» бағытындағы жолдың қарын тазалап жүр. 105 шақырым болатын республикалық маңыздағы тас жол жиегіндегі қар қалыңдығы қазір 3 метрге жуықтайды. Сондықтан тек осы жолдың бойында оншақты техника жүрсе де тазалап үлгермей жатыр.
Алексей Бортников, тракторист:
Техника жолда тоқтаса бір жағына сырғып кетеді. Одан соң орнынан қозғалу қиын. Биік, белес жолдардан қарды итеріп шығару қиын. Бірақ біздің міндетіміз жолды тазалау. Сондықтан күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп жатырмыз.
Тоқтамай жұмыс істегенмен үздіксіз соққан боран дес бермей тұр. Жолдың екі жағында тау болып үйілген қар енді мұзға айнала бастаған.
Бегім Қайсенов, мердігер мекеменің учаске бастығы:
Жиырма сегізінші желтоқсаннан бастап, қатты қалың қар жауып тұр. Боран соғып тұр. Соған қарамастан күндіз-түні қарды тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгін жолымыз жабық тұр. Жұмыс істеп жатқан жігіттер 2 тәуліктей ұйықтаған жоқ. Соған қармастан жолды ұстап, тазалап, қалпында ұстап отырмыз.
Қалпында ұстап отыру үшін жолдың тазалығына жауапты коммуналдық мекемелер қозғалып тұрған барлық техниканы жұмылдырса да үлгермей жатыр.
Олжас Керейхан, тілші:
Шығыста ауа райына байланысты жағдай күн санап қиындап барады. Кеше ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран болса, бүгін ол басылған. Бірақ оған қармасатан өңірде әртүрлі бағыт бойынша оннан астам автокөлік жолы әлі жабық тұр. Қардың қаншалықты қалың жауғанын мына жол шетінде көмілген белгіге қарап-ақ, байқауға болады.
Шығыс Қазақстандағы 12 мың шақырымдай автокөлік жолдың 3414 километрі республикалық маңызға ие. Ал осыншама жолды 156 техника тазалайды. Дегенмен бүгінде оның тең жартысы ғана жолда жүр.
Нұржан Мұстафин, «ҚазАвтожол» ҰҚ ШҚО филиалының бас маманы:
Қазіргі күнде жолда 84 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Енді техника болғаннан кейін сынатыны да бар. Жөндеп жатыр, жедел. Мехнизаторлар екі аусымда жұмыс істеп жатыр.
«Қазгидромет» болжамы бойынша, аймақта қарлы дауыл жауын-шашынға ұласып, көктайғақ болуы мүмкін. Әлі 12 бағыт бойынша жабық. Оның бесеуі республикалық, жетеуі облыстық маңыздағы жол. Бірақ соған қарамастан асыққан кейбір жолауышылар қарлы жолдың бойында көліктерден керуен тізіп тұр.
Олжас Керейхан