Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 4 жылда 22 сүт фермасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 4 жылда 22 сүт фермасы ашылды

06.01.2023

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 4 жылда 22 сүт фермасы ашылды. Оның 8-і былтыр ғана іске қосылды. Нәтижесінде өңделген сүт көлемі, май, ірімшік және сүзбе өндірісі артты. Мағжан Жұмабаев ауданының Жастар ауылында жұмыс істеп тұрған сүт фермасында тілшіміз болып қайтты.

Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл ферма 600 бас ірі-қараға арналған. Тек қана асыл тұқымды голштин сиырлары өсіріледі. Олардың әрқайсысы жылына 13 мың литрге дейін сүт береді. Қазақстандықтар тұтынатын ақ өнімдердің 25 пайызы осы, Солтүстік Қазақстан топырағында өндіріледі.

Жаңа ферма 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі Роза Игібаева. Жазда облыс орталығынан ауылға көшіп барған. Заманауи қондырғылар адамның еңбегін айтарлықтай жеңілдетеді. Сондықтан жаңа кәсіпті тез меңгердім, дейді.

Роза Игібаева, сауыншы:
Асау сиырларды байлаймыз. Аппаратта осылай сауамыз. Үш рет сауамыз, таңертең 5-те, түсте, сосын 8.30-да. Жолдасым мал ұстаймын деп келді. Сол енді осында жұмыс істеймін. 

Қазір бір сиыр тәулігіне 30 литр сүт беріп жатыр. Меже – көрсеткішті 35 литрге жеткізу. Ол үшін мал күтімі жақсы болуы тиіс.

Артем Довбня, менеджер:
Малды жайлау, сауу – бәрі дер кезінде, кесте бойынша жүргізілуі тиіс. Тазалық та маңызды. Сонда ғана сиыр мол сүт береді. Мал азығы фермада әзірленеді.

Мына бұзаулар – жаңа фермадағы алғашқы төл. Келер жылы тағы бірнеше қора салынып, малдың саны көбейтілмек.

Мейрам Меңдібаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі:
Осы зауыттар модернизация жасап, жылдамдықтарын көбейтіп отыр. Ол біздің ҚР бойымен таратылады. Сосын маңайымыздағы Ресей мемлекетіне экспортқа шығармақпыз.

Өңірде сүт өнімдерінің 150 түрі шығарылады. Былтыр 670 мың тонна ақ өндірілді. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында 82 млрд теңгенің 33 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу