Байден: Алауыздық елдің беделін түсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байден: Алауыздық елдің беделін түсіреді

05.01.2023

Америкада саяси дағдарыс. Төрт күннен бері Конгрес өкілдер палатасының спикерін сайлай алмай жатыр. Республикашылдардың жікке бөлінуі Конгрестің елді басқару қабілетіне қауіп төндіреді,- дейді АҚШ президенті Джо Байден. 

Аралық сайлауда демократтардан басым түскен республикалық партия осы айдан бастап Конгрестің төменгі палатасын бақылауына алуы тиіс еді. Алайда төрт күнде төрт рет сайлау өткізсе де палата спикерін сайлай алмай жатыр. Басқаша айтқанда партияластар арасында ауыз біршілік болмай Төраға тағына талас басталды. Негізгі кандидат Кевин Маккартиге он алты дауыс жетпей тұр. Басты себеп ультра консерваторлар тобы оны демократтарға қарсы жұмсақ саясат ұстанады деп айыптап, қарсы дауыс беруде.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Бұл бүкіл әлемге қалай көрінеді деп ойлайсыз? Біз 6 қаңтар оқиғасынан енді ғана ес жиып жатырмыз ғой. Бірақ қазір жүз жылда алғаш рет біз бір орнымызда тұралап қалдық. Халықаралық қатынастарға салып қарасақ, бұл жақсы көрініс емес. Сондықтан олар бірге әрекет етеді деп үміттенемін.

Аралық сайлау нәтижесі бойынша республикалық партия Өкілдер палатасындағы 222, демократтар 212 орынды иеленген. Ал спикер атану үшін 218 дауыс керек. Бірақ үкіметтік шығындарды азайтып, шекарадағы тәртіпті қатаңдатуды және АҚШ Президенті мен оның ұлының үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп жүрген оңшыл республикашыл депутаттар негізгі үміткерді қолдайматындарын ашық айтуда.

Ал өкілдер палатасының төрағасы бекімей, ешбір заң қабылданбайды. Яғни депутаттардың ортақ мәмлеге келе алмауы ел экономикасына да кері әсер етуі мүмкін. Мұндай саяси дағдарыс бір ғасыр бұрын, яғни1923 жылы болған. Конгрес екі ай бойы 118 рет дауыс беріп, өкілдер палатасының спикерін әрең сайлап алған.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу